Бішкекте Орталық Азия елдері мен Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі ҮІІІ форум ашылды

Қырғызстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатры Жұмабибі Доскееваның KZ-today тілшісіне хабарлауынша, бас қосу қыркүйектің 22 мен 24 аралығында жалғасады. Оған Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының өкілдері, ЮНИСЕФ, ЮСАИД және Орталық Азия елдері мен Қазақстан өкілдері қатысады. Өкілдерді денсаулық сақтау министрлерінің орынбасарлары басқарады.

Тараптар ана мен бала денсаулығын қорғау, нәрестелер мен ана өлімінің себептері, перинаталды көмекті жақсартуға түрткі болу, ВИЧ/СПИД індетінің анадан балаға жұғуының алдын алу стратегиясы мен аталмыш зерттеулер қорытындысы бойынша шаралар жоспарын дәйектеу туралы талқылайды.
Қырғызстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, ВИЧ/СПИД індетінің таралу деңгейі ТМД аясындағы басқа елдермен салыстырғанда мұнда әжептәуір төмен. 2004-жылғы 1-қыркүйектегі жағдаймен республикада ВИЧ індетін жұқтырған 598, СПИД жұқтырған 25 адам тіркелген.
Орталық Азия елдері мен Қазақстан өкілдері ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне орай ЮНИСЕФ желісі бойынша ұйымдастырылатын осындай бас қосуларға 1996-жылдан бері жиналып келеді. Шараны ұйымдастыру жөніндегі жауапкершілікті жыл сайын аймақтағы бір мемлекет өзіне жүктеп алады.
Өткен жылғы қараша айында форум Алматыда өтті.