Бішкекте қазақ-қырғыз мәдени ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қырғызстан астанасында осы елдің мәдениет және ақпарат министрі Султан Раев пен Қазақстанның мәдениет және ақпарат вице-министрі Дархан Мыңбай Қамзабекұлының кездесуі өтті. Екі басшының диалогы ШЫҰ мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің бесінші кеңесінің аясында өтті.

С. Раев Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің арасында мәдениет пен өнер саласындағы екі жақты қарым-қатынастар белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Былтыр Бішкекте ШЫҰ фестивалі, ал Алматыда көршілес елдердің зиялы қауым өкілдерінің шығармашылық форумы өтті. Осындай ынтымақтастық аясын кеңейту үшін С. Раев шығармашылық ұжымдар, атап айтқанда, театр және эстрадалық ұжымдар арасындағы алмастықты қарқындандыруды ұсынды.

Қазақ және қырғыз тілдерінде шығатын "Алатау-Алатоо" атты ғылыми-әдеби журналды қайта шығару жөнінде уағдаластық жасалды. Қазақстанда Ш.Айтматовтың кітаптары, соның ішінде классиктің соңғы шығармасы "Когда падают горы" мен басқа қырғыз жазушыларының туындылары қазақ тілінде жарық көрмек, сондай-ақ, қазақ әдебиетінің классиктерінің туындысы қырғыз тілінде басылып шығады.

Мемлекеттік тілдерді дамыту және нығайту арқылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды қайта жаңғыртуға кешенді шараларды жүзеге асыру жоспарланған.

Сондай-ақ, бірлескен көркем фильмдер шығару, театр қойылымдарын бірлесе қою, кино және театр фестивальдерін, кітап көрме-жәрмеңкелерін өткізу, қазақ киносы мен поэзиясының Қырғызстандағы күндері мен қырғыз киносы мен поэзиясының Қазақстандағы күндерін өткізу жөніндегі жоспарлар бар.