Бішкекте Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды

Салтанатты шараға Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Н.Назарбаев шара кезінде сөйлеген сөзінде "елшіліктің ашылу рәсімі сәті түсіп, Қырғызстан Республикасы президентінің инаугурациясымен дөп келді" деп мәлімдеді.
"Бүгін Қырғызстан халқы Құрманбек Бакиевке сенім жүктеді. Сол себепті біз бауырлас қазақ халқы сіздермен бірге дегенді жеткізе келдік",- деді Қазақстан президенті.
Өз кезегінде Қ.Бакиев "республиканың жаңа басшылығы екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың шын мәнінде жүзеге асырылуы үшін барын салады", деп мәлімдеді.
Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы әріптестік "алдағы уақытта да артықша қарқынды дами береді" дегенге Қырғызстан президенті сенім білдірді.
Жексенбі күні кешке екі ел президенті Бішкектің орталық алаңында Ресей, Қазақстан және Қырғызстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертті тамашалады.