Әлемдік банктің кеңсесінің жанында өтіп жатқан шеруге ондаған жастар қатысуда. Олар қолдарына "Жастар HIPC-ке қарсы", "HIPC білдірмей буындырады",-деген плакаттар ұстаған. Акцияны республиканың белгілі құқық қорғау ұйымдары ұйымдастырып отыр.
Шерушілер "халықаралық донорлар Қырғызстанның сыртқы қарыздарын өшіруді желеу етіп ішкі саясатымызға қол сұқпақ ниетте",-деген пікір білдіреді. Наразылық шарасы мәселені талқыға салу үшін Әлемдік банк сарапшыларының Бішкекке баруы себеп болған.
HIPC (Highly Indebted Poor Countries) дегеніміз - сыртқы қарыздарының көлемі өте жоғары кедей елдерге көмек бағдарлама. Оны Әлемдік банк пен Халықаралық Валюта қоры 1996 жылы аса кедей елдер мен қарызға белшесінен батқан елдерге көмек ретінде ұсынған.
Бүгінгі таңда Қырғызстанның сыртқы қарызы 2,1 млрд $ жетеді. Биыл республика мемлекеттің қарызын өтеуге 50 млн $, бөлсе, келесі жылы осы мақсатқа 80 млн$ қажет болмақ.
Қырғызстандық кәсіпкерлердің бастамасымен республикада сыртқы қарыздарды өтеуге бағытталған арнайы қор ашылған. Қаржыларын қорға аударуға осы күні көптеген мемлекеттік және қоғам қайраткерлер дайын екендігін білдірген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті