Бішкекте Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммиті басталды



Саммитке Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей Өзбекстан және Тәжікстан президенттері қатысып отыр. Ал Монғолия президенті Намбарын Энхбаяр, Иран Ислам Республикасының президенті Махмуд Ахмади-Нежад, Пәкістан Ислам Республикасының СІМ-нің орынбасары Хуршид Касури, Үндістанның мұнай және табиғи газ министрі Мурли Деора саммитке бақылаушы ретінде қатысуда.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бішкек саммитінің құрметті қонақтары арасында Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Хамид Карзай, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов, БҰҰ бас хатшысының орынбасары Линн Паско секілді тұлғалар бар.

Отырыс Бішкектің оңтүстік бөлігінде орналасқан "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясында өтуде. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары бүгін жүзбе-жүз және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіп, оның барысында өзекті халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша пікір алмасады. Кездесуге қатысушылар ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқыламақшы. Бұған қоса Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей , Өзбекстан және Тәжікстан президенттері қорытынды құжатқа қол қояды.

Отырыстан кейін Қырғызстан Республикасының президенті Құманбек Бакиевтің атынан ресми қонақасы беріледі. Басты дастархан мәзірі ретінде қонақтарға бесбармақ пен бауырсақтар беріледі, ал қытайлық делегация мүшелері үшін олардың ұлттық дәстүрлерін ескеру негізінде арнайы меню жасалған. Бұдан кейін Қырғыз мемлекеттік филармониясында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің өнер қайраткерлерінің қатысуымен біріккен концерт беріледі.

Кешке қарай ұйымға қатысушы мемлекеттердің басшылары мен кейбір бақылаушы елдердің басшылары Ресейдің Челябинск облысына "Бейбіт миссия 2007" оқу-жаттығуларына қатысу үшін аттанады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, саяси шараның өткізілуіне байланысты Бішкекте спиртті өнімдердің саудасына шектеулер енгізілген. Саммит қатысушыларының автотізбегі өтетін жолды бойлай барлық сауда орындарында спиртті өнімдерді саудалауға тыйым салынған. Мұндай шара Қырғызстан үкіметінің тиісті қаулысы шығуға байланысты қолданылып отыр.

Бұған қоса Қырғызстан ІІМ, Бішкек жедел жәрдем станциясы мен өрт сөндірушілер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Саммит өткізілетін күндері құқық пен тәртіпті Қырғызстан ІІМ-нің 5 мыңдай қызметкері қамтамасыз ететін болады.