Бішкектегі "Дордой" базарының кәсіподағы сауда азайғанын мәлімдеді

"Нарықта қазан-қараша әдетте сауда маусымы. Біз үкімет басшысына және президентке жағдайды баяндап үндеу жолдадық. Сайлаудан соң жағдай жақсаратын шығар деп ойлағанбыз, керісінше болып шықты. Бұрын бізге күн сайын 10-15 автобус сатып алушы келіп жүрсе, соңғы аптада бар-жоғы үшеу ғана келетін болды" деді Доолоталиева Азаттықтың Қырғыз редакциясына.

Қырғызстандағы сайлау алдында және одан кейін елдің президенті Алмазбек Атамбаев қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, бірнеше мәлімдеме жасаған. Мұндай наразылыққа Назарбаевтың Қырғызстандағы сайлау алдында президентікке кандидаттардың бірімен кездескені себеп болған. Бұдан соң Астана қазақ-қырғыз шекарасынан өту тәртібін қатайтып, қырғызстандық әскериді тұтқындап, ал Бішкек Талас су қоймасының суын жіберетінін ескерткен.

Қырғызстандық тауар тасымалдаушылары шекарадағы тәртіптің қатаңдатылуы салдарынан туындаған бөгелістен тауарлары шекарада тұрып қалып, шығын тартып жатқандарын мәлімдеген.


Шекарадағы жағдайға байланысты Қырғызстан үкіметі 17 қазанда Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразия экономикалық одағына қайырылып, Қазақстан жағының ереже бұзып отырғанын мәлімдеген.

18 қазанда Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков жұмыс сапарымен Астанаға келген. Қазақстан үкіметі Қырғызстан үкіметі делегациясымен екі жақты келіссөз қорытындысында 19 қазаннан бастап "шекарадан өтудің басым тәртібін" белгілегенін мәлімдеген.