Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 13 362 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралды», - делінген мәліметте.
Биыл Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (68,7%) Өзбекстаннан, 10% – ҚХР-дан, 7,9% – Түрікменстаннан, 4,6% – Моңғолиядан және 8,8% - басқа елдерден келген. Олар негізінен Алматы (29,9%), Маңғыстау (16,7%), Түркістан (9%) және Жамбыл (6,5%) облыстарында, сондай-ақ Астана (7,8%), Шымкент (7,3%) және Алматы (5,8%) қалаларында қоныстанды.
«Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 58,9%, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,5% және зейнеткерлер 13,7% құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 13,2% - жоғары білімді, 38,9% - арнайы орта білімді, 46% - жалпы орта білімді және 1,8% - білімі жоқ», - деп нақтылады министрліктен.