Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жалдамалы жұмыскерлер саны 7,2 млн адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2,1 млн адамға жеткен. Бұл туралы премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Бұл ретте жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген 333 мыңнан астам азамат тіркелген.
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, өңірлерде жыл сайын жұмыспен қамту карталары бекітіледі. 2026 жылға арналған жоспар аясында 544 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінде олардың 140,8 мыңы жұмыспен қамтылды", - деп жазылған үкімет хабарламасында.
Атаулы жұмыс жүргізу үшін C, D, E санаттарына жататын азаматтар пулы қалыптастырылған. Қазіргі уақытта олардың 45 мыңнан астамы әлі де жұмыспен қамту шараларымен қамтылмаған. Мұндай азаматтардың ең көп саны Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркеліп отыр.
Сонымен қатар кеңес барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі алғаш рет еліміздің барлық өңіріндегі еңбек нарығына кешенді талдау жүргізілгенін хабарлады. Зерттеу аясында 73 мың кәсіпорын қамтылып, жұмыс күшінің ұсынысы мен экономика сұранысы арасындағы сәйкессіздіктер жүйелі түрде анықталды.
Талдау нәтижелері еңбек нарығындағы сұраныстың технологиялар мен жасанды интеллект саласына қарай ойысып келе жатқанын көрсетті. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға, ең алдымен колледж түлектеріне деген қажеттілік жоғары деңгейде сақталып отыр.