Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Baq.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру мәселелері маңызды. Тіл дамыту мәселесінің Білім және ғылым министрлігіне көшірілгелі бір жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде қандай ауқымды проблемалар барына көзіміз жетті. Сондай-ақ үлкен жұмыс жүріп жатқанын да көріп отырмыз. Бірақ біреуі «бәрі ақ, таза» десе, кейбіреулері «бәрі жаман» деген пікірде. Шын мәнінде, проблемалар бар. Алайда істеліп жатқан жұмыс та аз емес", - деді министр Асхат Аймағамбетов.
БҒМ басшысының ойынша, Тіл комитетінің министрлікке ауыстырылуы заңды. Мемлекеттік тілді насихаттау, дамыту, оны ғылым тіліне айналдыру мектептерден, ғылыми ұйымдардан, ЖОО-дан басталатынын айтты.
Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, - дейді ол.
Аймағамбетов қазақ тілінде білім беретін мекемелердің желісін және білім алушылардың үлесін арттыру мәселесіне тоқталды.
"Бұл жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Десек те, соңғы 30 жылда білім мекемелерінің де, білім алушыларының да саны екі есе артты. Соның ішінде балабақшада 76 пайыз болса, мектептерде 67 пайызға жетіп қалды, ал университеттерде 66 пайыз. Колледждерде, әсіресе университеттерде қазақ тілінде білім алуға ынта танытушылар көбейіп келеді", - деп толықтырды министр.
Аймағамбетов атап өткендей, қазіргі күні 1-сыныпқа қабылдау науқаны өтіп жатыр. Оның сөзінше, биылғы қабылдау кезінде қазақ сыныптарын таңдағандар саны көбейген.
Көп мәселе қазақ тіліндегі контентке, әсіресе қазақ тіліндегі оқулықтарға байланысты. ЖОО мен колледждерде жеткілікті деңгейде әдебиеттер жоқ, - дейді еліміздің бас ұстазы.