Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл Алматыда көшелерді орташа жөндеуден өткізуге 9 млрд теңге қарастырылған. Жалпы алғанда ұзындығы 150 шақырым болатын 89 көшеге орташа жөндеу жасау жоспарда тұр», - деді Мақсұт Исахов.
Оның айтуынша, былтыр ұзындығы 147 шақырым болатын 171 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Атап айтқанда, 2017 жылы Абай көшесін «Қалқаман» шағын ауданындағы Әуезов көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жұмыстар аяқталып, 2 учаске пайдалануға берілген.
«Бөкейханов - Солтүстік айналма көшелері қиылысындағы көлік жолайрығы» жобасы іске қосылды. Алатау ауданында - 10,9 шақырым, Наурызбай ауданында 17,335 шақырым жол салынды. 6 көпір мен Байтұрсынов көшесі күрделі жөндеуден өткізілді, сондай-ақ Жандосов көшесін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда. Қалада 230 000 шаршы метр асфальт-бетон жабындысы жөнделді», - деді ол.
Сондай-ақ, ол қаланың көліктік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 2023 жылға дейінгі іс-шаралар кешенінен тұратын жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді сызбасы (ЖҚҰКС) әзірленгенін жеткізді.