Биыл Астанаға жол төсеу үшін 16 миллиард теңге бөлінбек

Астананың орталығы жылан жалағандай таза, тақтайдай тегіс жолды тек Есілдің сол жағалауында ғана көруге болады. Ал, өзге аумағынан адам  ұялады. Күн жылығалы жағдай тіптен ушығып отыр. Еріген қардан шұрқ тесіліп қалған жолдарды жұмысшылар жөндеп үлгере алмай жатыр.

-Кешкі сегізге дейін жұмыс істейміз...

Міне, бас қаланың жұрт ең жиі жүретін жолының сыйқы осы. Аттап бассаң шұқырдан шалынасың. Қотыр жолдан әбден мезі болған жүргізушілер көлігіміз «шіріп тынатын болды», -  деп шырылдап отыр. 

-Жөнделмей жатыр, ой-шұқырлары көп.

- Көлігіміді күнде жөндеп шығынға батып жатырмыз.

-Сапасыз жол жүргізушілерге мұң. Ал, көлік жөндеу орталықтарының бизнесін жандандырып отыр. Әсіресе көктем келгенде жолдағы шұқыр, ойықтан дөңгелегі немесе өзге де бөлшектері бұзылып, ауыстыруға келген машиналардың саны күрт артады. Сондықтан қазір техникалық қызмет көрсету орталықтары тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүр.

Қызмет көрсету құны да шарықтап тұр. Ал шенеуніктер биыл Астанада қанша шақырым жолдың жөндеуден өтетінін әлі өздері де, білмейді. Сапасыз салынған жолдарды тексеру үшін шетелдік компаниялар мен мамандарды шақырып, сараптама жүргізіп жатыр екен.


Дархан Боранбаев, Астана қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары:

-Биылға қанша шақырым  салынады деген нақты сан  жоқ, қазір жоспарланып жатыр. 16 миллиард теңге бөлінген соған жоспар дайындап жатырмыз.

Жол салуға құштар компаниялар көп. Енді оларға талап күшейтіледі. Бюджеттің миллиардтарын қалтаға салған кәсіпкерлер сапаға да, кепілдік беруі тиіс. Алайда, тәжірбие көрсеткендей, жазда төселген жолдың көктем шыққанда тас-талқаны шығып жатады.