Биыл елімізде жол апатынан қанша адам көз жұмды

Салдарынан 1572 адам көз жұмып, 16 мың 100 адам жарақат алды. Бұл туралы жұма күні Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, жолдағы бақытсыздықтар кезінде қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған 163 бала болса, жарақат алғандардың ішінде 1950 бала болған.

Әсіресе, Алматы қаласындағы жолдарда қауіп деңгейі өте жоғары болып отыр. Мұнда 3555 жол апаты орын алыпты. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында 2081, Алматы облысында 1114, Шығыс Қазақстан облысында 882, Жамбыл облысында 795 жол апаты тіркелген.

Жол апатында көз жұмушылардың саны жағынан Алматы облысы алда тұр. Мұнда 276 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында 257 адам, Жамбыл облысында 140, Шығыс Қазақстан облысында 107, Алматы қаласында 108 адам шейіт болыпты.

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, жол апатының басым бөлігі қозғалыс ережесін өрескел бұзатын жүргізушілердің кесірінен болған. Атап айтсақ, 3357 апат жылдамдықты шектен тыс асыру, 1032-сі жаяу жүргіншілерге жол бермеу салдарынан, 733 жол апаты қарсы бағытқа шығып кету, 471-і көлікті мас күйінде тізгіндеу салдарынан орын алған.


Тағы 526 жол апаты жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі салдарынан болыпты.

Дегенмен, жолдағы апат саны өткен жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға, жол үстінде қаза тапқандар саны 13,8 пайызға кеміген.