Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
2020 жылы қабылдау бекеттері 41 262 ескі көлікті қабылдап, техникасын жоюға тапсырғандарға берілген 7 млрд теңге төлеген. Сондай-ақ ескі көлігін өткізгендерге 8 651 мың жеңілдік сертификаты табысталған.
Жалпы биыл жеңіл автокөліктер үшін ақшалай төлем мөлшері ұлғайтылып, айлық есептік көрсеткішке байланысты төлене бастағанын айта кету керек. Маусым айынан бастап жеңіл көлігін өткізгендерге 150 мың теңгенің орнына 200 мың теңге (72 АЕК) берілді. Толық емес жиынтықтағы машина үшін төлем мөлшері 48 мыңнан 150 мың теңгеге дейін ұлғайды.
«2020 жылдың 2 қарашадан бастап ӨКМ Операторы істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға қабылдаудың пилоттық бағдарламасын іске қосты. Тапсырылған ескі комбайндар мен тракторлардың орнына жеңілдік сертификаттары берілді. Жеңілдік сертификатының номиналы ауыл шаруашылығы техникасының түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланды. Пилоттық жоба аясында 100 трактор мен 20 комбайн қабылданып, бағдарламаға бөлінген квота мерзімінен бұрын игерілді», - делінген хабарламада.
Ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы келер жылы да жалғасын табады. 2021 жылы тозығы жеткен 45 мың көлік, сондай-ақ 2380 бірлік ауылшарушылық техникасын қабылдау жоспарланып отыр. Электронды кезек қаңтар айында ашылады.