Осы жылы қазақстандықтар отандық телеарналар түсірген бірнеше жаңа телехикаяны тамашалай алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгін БАҚ өкілдеріне бірнеше отандық телехикаяның тизерін ұсынды. Көктемгі маусымда қазақстандық көрермендер назарына 20 ғасыр басындағы маңызды оқиғаларды қамтыған "Тар заман" тарихи драмасы, қоғамның түйткілді проблемасын көтерген "Асыл арман" мелодрамасы, қазақ батырларының өмірінен сыр шертетін "Батырлар жолы" тарихия телехикаясы және қазақстандық арнайы қызметтердің күрделі жұмысын баяндайтын "Красный уровень" сериалы жол тартады.
"Тар заман" телехикаясы толығымен қазақ тілінде. Сериал көктемгі маусымында көрермендер назарына ұсынылады. Бұл 20 ғасырдың басындағы түрлі тарихи-драмалық оқиғаларға арналған сериал. Өте ауқымды жоба болды, біз мұқият кірісіп, ұзақ дайындалдық бұған. Арнайы кеңесшілер тобы құрылды. Актерлерді бүкіл республика бойынша іріктедік. Сериал бірнеше жерде – Алматыда, Талдықорғанда, Жамбылдағы Меркіде, Павлодардағы Баянауылда және Орынборда түсірілді. Сериалда 37 тарихи кейіпкер суреттелген. Бұл ең бір сәтті шыққан жобалардың бірі болады деп үміттенемін. Көрермендер тарапынан да үлкен қолдауға ие болады деп ойлаймын", — деді "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Ал "Батырлар жолы" атты тарихи сериал "Хабар" телеарнасынан көрсетіледі.
"Батырлар жолы" отандық телевизиядағы алғашқы күрделі тарихи сериалдардың бірі деп айтуға болады. Себебі телеарналар тарапынан бұған дейін мұндай жоба жасалмаған. Биыл бұл өнім "Қазақстан" арнасының "Тар заман" жобасы секілді толықметражды фильм ретінде кинотеатрлардан көрсетіледі, кейін "Хабар" арнасының эфирінен сериал түрінде көпшіліктің назарына ұсынылады. Тарихи телехиая батыр бабаларымыздың қиындықты қалай жеңгені, қалмақтармен соғыста қалай бірлік танытып, найзаның ұшымен елімізді қалай қорғап қалғаны жайында баяндайды. "Батырлар жолы" 17 мен 80 жас аралығындағы көрермендер рухани байлық алатын дүние болады деген сенімдеміз", — деді "Хабар" агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Думанұлы.
Сондай-ақ, "КТК" арнасы осы жылдың наурызында 8 бөлімнен тұратын "Красный уровень" телехикаясын көрермендер назарына ұсынады. Телехикаяда қазақстандық арнайы қызметтердің терроризм мен экстремизмге қарсы күресі, олардың қызметі сипатталған.
Басты рөлдерде танымал актер Берік Айтжанов пен Тәуекел Мүслім ойнайды.
Сериал авторларының айтуынша, түсірілім кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің консультанттары жұмылдырылды. Соның арқасында өте шынайы әрі әсерлі телеөнім жасалған.
Ал мемлекеттік тапсырыс аясында "Астана" телеарнасы түсірген "Асыл арман" телехикаясы – әлеуметтік драма. Қазіргі қоғамдағы өткір мәселені қозғайды. 60 бөлімнен тұратын сериал жаңа туған сәбиін тастап кететін жас аналардың оқиғалары негізінде түсірілген.