Биылғы жылы ел қамбасына 16 млн тонна астық құйылады деген болжам жасалып отыр, деп мәлімдеді президент Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қостанай облысы астықтың 30 пайызын, ауыл шаруашылығында өндірілетін жалпы өнімнің 10 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, мұнда өнеркәсіп базасы мықты дамыған, пайдалы қазбаға, бокситке бай кеніштер бар, машина жасау саласы дамып келеді. Биыл 16 млн тоннаға жуық астық жинап аламыз деген болжам жасап отырмыз. Қостанай облысы 4,5 млн тонна астық алса, жаман болмайды. Енді бар күшімізді жиын-терім науқанына жұмсауымыз керек. Бұған мемлекет те үлкен қолдау көрсетіп отыр», - деді Н.Назарбаев сейсенбі күні қостанайлық диқандармен кездесуде.
Жұмыс сапарымен аймаққа атбасын тіреген Н.Назарбаев аграрлық саланы қолдау мемлекет үшін стратегиялық міндет болып табылатынын атап өтті.
«Жер бетінде халық санының өсу қарқынын ескерсек, жақын арада азық-түлікке деген сұраныс арта түспек. Осыған байланысты ауыл шаруашылығының рөлі артады және біз соған дайындалуымыз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде ішкі және сыртқы рынокқа дайын өнім жеткізу үшін шикізат пен оны өңдейтін кәсіпорындар болуы қажет. «Агробизнес-2020» бағдарламасын бәріңіз де жақсы білесіздер. Ол агроөнеркәсіп кешенін қолдауға, қаржыландыруға, қауіп-қатерлерді сақтандыруға, ауыл шаруашылық техникасын лизингке беруге, салаға жаңа технологиялар енгізуге бағытталған. Мұның бәріне 3 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына 1,5 трлн теңгеден астам қаржы салғанымызды атап өткім келеді», - деді президент.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандырудың маңызы мен мемлекеттің мал шаруашылығы саласын дамытуға бөліп отырған қаржысын тиімді жұмсау қажеттігіне тағы бір рет тоқталды.
«Тек астық егіп қарап отыруға болмайды. Дәнді дақылдардың экспорттық әлеуеті жоғары екені түсінікті. Бірақ, ауыл шаруашылық өнімдерінің басқа түрлерінің де тиімділігі жоғары. Сондықтан соңғы жылдары әлемдегі өзге мемлекеттер сияқты біз де мал шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріп келеміз. Соған сәйкес жем-шөп өндірісін дамыту қажет», - деді Н.Назарбаев.
Біртұтас экономикалық кеңістік пен Кеден одағы шекарадағы облыстарды экспорт көлемін арттыруға ынталандыруы тиіс, деді президент.