Биыл Қазақстанда 108 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі

Бұл туралы бүгін «Astana Mining & Metallurgy» халықаралық  VI тау-кен металлургиялық конгресінде ҚР Энергетика министрлігі Көмір өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Совет Дамбарбаев мәлім етті.

«Бүгінде көмірді өндіру қарқыны сұраныстан асып отыр. Осыған байланысты бізге экспорттық жеткізілімдер көлемін сақтап, көмір-химиялық жаңа бағытты дамыта түсу керек. Қазақстанның энергия өндіретін кәсіпорындарының 74 пайызы көмірмен жұмыс істейтіндігін ескере отырып, оларды толық қамтамасыз ету мақсаты тұр»,- деді Дамбарбаев.

Атап айтқанда, 2014 жылы Қазақстан 107,6 млн. тонна көмір өндіріп, ішкі қажеттілікті отынның осы түрімен толықтай қамтамасыз етті. Сонымен бірге көмір экспорты 30,4 млн. тоннаға жетті. Ал 2015 жылы 108,6 млн. тонна көмір өндіру жоспарланып отыр.

2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан бекітілген көмір қоры көлемі тұрғысында әлемде жетінші орында тұр.


Совет Дамбарбаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі көлемдегі тұтыну қарқынымен аталған қор шамамен 300 жылға жетеді. Бүгінде еліміздің аумағында 400 кен орындары белгілі болып отыр. Сонымен бірге баланстық қор 33,6  млрд. тоннаны немесе әлемдік қордың 3,6 пайызын құрады.