Биыл Қырғызстанда ипотекалық несиелеу 87%-ға өсті

"Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне банктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, "2007 жылдың тек алғашқы жеті айында коммерциялық банктердің ипотекалық несиелеуге берген қаржысының көлемі 86,6 пайызға өсіп, 3,02 млрд сомды құраған".

Қырғызстан Республикасының Ұлттық банк қызметкерлерінің айтуынша "бұл несиелер портфелін банк жүйесі бойынша жүргізілген сараптама аталмыш нарықтың соңғы жылдары айтарлықтай қарқынмен өскенін көрсетіп отыр". "Егер 2002 жыл қорытындысы бойынша банктердің несиелік портфеліндегі ипотекалық несиенің үлесі бар болғаны 1 пайызды құраса, 2006 жылғы қорытынды бойынша 14,3 пайызды құрады. 2007 жылдың 1-қаңтарындағы сома 1,6 млрд сомды құрады", - деп түсіндірді банк қызметкерлері.

Мамандар мұндай қарқынды банк қызметі нарығына шетел инвесторларының, ең алдымен қазақстандықтардың келуімен байланыстырып отыр.

Баспасөз қызметі елдің "Қырғызстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңына сәйкес, Қырғызстанның коммерциялық банктері тек банк қызметіне қажет болғанда немесе қарыз алушы қарызын өтей алмаған жағдайда берілген несиені қайтарып алу үшін ғана жылжымайтын мүлікті сата немесе сатып ала алатындығын атап көрсетті.