Биыл Түркістанда заманауи перзентхана ашылады

Облыстың орталығы болып халық саны артқан тұста перзентханада орын тапшылығын болдырмау мақсатында жуық арада қосымша жаңа ғимаратты пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістандағы перинаталдық орталық Кентау қаласы, Созақ, Отырар аудандарынан келген аналарға да қызмет көрсетеді.

Бүгінде аталған мекеменің оң жақ бөлігінен 150 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. 4 қабатты заманауи ғимараттың құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған. Биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.  

Ғимараттың құрылысын мердігер «Эристайл Казахстан» ЖШС-нің өкілдері құрылысты қазан айында толықтай аяқтайтынына сенімді. Яғни, жаңа ғимаратта жаңа туған сәбидің үні естілетін күнде алыс емес.

Жалпы 12 жылдан бері қаладағы әйелдерге қызмет көрсетіп келе жатқан 155 орынға лайықталған №3 перзентханада екі физиологиялық бөлім, шала туылған нәрестелерге күтім жасауға арналған бөлім, патология, гинекологиялық бөлімдер бар. Сонымен қатар, жансақтау бөлімінде 6 орын қарастырылған. Перзентхана құрамында қосымша клиникалық-диагностикалық блок, амбулаторлы қызметтер, функционалды диагностикалық және УДЗ кабинеттері қызмет көрсетеді.

Орталықта лапароскопиялық бағана көмегімен күніне гинекологиялық лапароскопиялық 3-5 ота жасалады. 


Қағазбастылықтан арылу мақсатында кешенді медициналық ақпараттық жүйеде (КМИС) жұмыс істейді. Аталған жүйеге аналардың келіп тіркелгені енгізіледі. Осы арқылы мекеме жұмысын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармаларының автоматты түрде көрулеріне мүмкіндігі бар. Ұжымда жалпы саны 320 маман қызмет етеді.