Биылға мұнай өндіру жоспары 2 млн тоннаға қысқартылды – Энергетика министрлігі

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

- Қаңтарда, одан кейін маусым-шілде айларында жалғасқан шабуылдардың салдарынан шамамен 3,5 млн тонна мұнай жоғалттық. Осыдан кейін ТШО акционерлері күрделі жөндеу жұмыстарын жасамау туралы шешім қабылдады. Келесі жылға ауыстырылды, - деді министр. 

Оның атап өтуінше, келесі жылы NCOC операторының кен орындарында да жөндеу жұмыстарын жүргізуге шешім қабылданған.

- Біз биыл 98 млн тонна мұнай өндіруді жоспарланған едік. Қазір жоспар 96 млн тоннаға түзетілді. КҚК-ға жасалған шабуылдан өндірілмеген мұнай көлемі 3,5 млн тоннаны құрайды, - деді Ерлан Ақкенженов.