Биылғы “Алматы – менің алғашқы махаббатым” музыкалық ретро фестивалі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналмақ

20 жыл - бұл Қазақстанның енсесі биіктеп, қай салада болмасын керегесі кеңінен жайылған кезеңі. Оған егемен елдің тұңғыш астанасы, Алатау бөктеріндегі әсем қаламыз Алматының өзі куә. Сондықтан да болар, биылға “Алматы – менің алғашқы махббатым” ретро фестивалі тәуелсіздік мерейіне арналмақ. Оған дайындық та ерекше. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы фестивальде тек тәуелсіздік таңы тұсындағы хитқа айналған әндер орындалатын болады.

Жанболат Беделхан, “Орда” тобының мүшесі:

-Дайындық тамаша өтті. Бұл жолы біз “Белгісіз жан” әнін орындамақпыз. Себебі бұл ән соңғы жылдардағы үздік ән ретінде бағаланып отыр.

Сонымен қатар, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова сынды әншілеріміздің де үздік әндері жанды дауыспен орындалмақ. Және барлығын дерлік Қорғаныс министрлігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен. 


Александр Беляков, ҚМ эстрадалық-симфониялық оркестрінің бас дирижері:

- Биылғы фестивальдің тақырыбы тәуелсіздікке арналып отыр. Дайындық та, өздеріңіз көріп тұрсыздар, күшті. 10-шы шіледен бері осында жүрміз. Кештің ойдағыдай өтетініне барымызды саламыз. Келіңіздер, қызықты кеш аясында тәуелсіздік мерекесін бірге өткізейік.

Сонымен, әсем ән мен әсерлі күйге толы ретро кеш 17-ші қыркүйекте “Орталық стадионда” өтеді. Ал фестивальдің телевизиялық нұсқасы біздің арнадан көрсетілетін болады.