Биылғы түсім құрамында 1-3 сортты бидай үлесі 90 процентті құрайды - ҚР ауылшаруашылығы министрлігі

Ондағылардың хабарлауынша, биыл түсім құрамындағы 1-3 сортты бидай үлесі 90 процентті құрайды. 2003-жылы бұл көрсеткіш 74 проценттен аспаған. Сонымен бірге құрамындағы желімтік мөлшері 25 проценттен жоғары бидайдың үлесі былтырғы 20 процентпен салыстырғанда биыл 60 процентке дейін артты.

Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2004-жылы дәнді дақылдар ұрықтанатын тұста табиғат қолайсыз мінез танытып, мамыр-маусым айларында нормадан 30-40 процент кем ылғал түсті. Осыған байланысты министрліктегілердің айтуынша, салыстырмалы түрде аз түсім жиналғанымен, оның сапалық көрсеткіші жоғары болды.
Биылғы жылы дәнді дақылдар 14,3 млн. гектарға, соның ішінде бидай 11,9 млн. гектарға егілді. Негізгі астықты аймақтар - Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұқым себілген алқап 9,7 млн. гектарды құрады. Республика бойынша жаздық бидай жалпы алғанда 11,3 млн. гектарға отырғызылды, бұл өткен жылғыдан 0,6 млн. гектарға артық.