Биыл мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бізде әдетте айт намазына жұма намазынан да көп халық жиналады. Бұл карантин талаптарына сәл қайшы келетінін ескеріп, биыл айт намазын тоқтатуға тура келіп тұр. Айт намазы оқылмаса да, әркім үйінде нәпіл намазын оқуына болады. Оған ешкім тыйым салмайды", - деді Аманқұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Ол шариғат кітаптарында адамның денсаулығы мен өмірі әрдайым бірінші орында екенін атап өтті. Сондықтан зәрулік жағдайды ескеріп, жамағатпен оқылатын айт намазын тоқтатуға рұқсат етіледі

Мүфтият қазақстандықтарға Ораза айт мерекесін үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырды.


Биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталды. Қасиетті ай коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында жарияланған төтенше жағдай мерзімімен тұспа-тұс келген еді.

Ораза айттың бірінші күні 24 мамырға түсіп тұр. Шариғат бойынша айт намазы күн найза бойы көтерілгеннен бастап күн тас төбеге көтерілгенге дейін оқылады.