Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
300 адамды қамтыған форумға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция жастар ұйымдарының өкілдері, Қазақстан аймақтарының көшбасшы жастары, Қазақстан Республикасы Парламенті мен облыстық, қалалық мәслихаттардың жас депутаттары, кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, еріктілер және шығармашыл жастар қатысты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев қатысушыларға құттықтау хат жолдады. Оның үндеуін форум модераторы, Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат оқыды:
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші, үкілі үміті. Егемендік жылдары елімізде санасы азат, ойы сергек тұтас бір жаңа буын қалыптасып, өсіп жетілді. ...Өздеріңіз білетіндей, әр ұлттың бәсекеге қабілетті болуы ең әуелі білім сапасымен өлшенеді. Сіздер заман талабына тез бейімделіп, қиындыққа қасқая қарсы тұруға тиіссіздер. Бүгін де, дағдарыстан кейін де ең маңызды даму тренді – адами капиталдың сапасы. Зерделі де зерек, білімді де білікті жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, ертеңі нұрлы болмақ», - дейді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы: «Тәуелсіздіктің 30 жылында елімізде бірнеше ұрпақ жаңарып, санасы мен талғамы биік, елімізде және шетелде білім алған, тек қана халқымыздың ғана емес, озық шетелдік тәжірибені бойына сіңіре білген жастар тобы қалыптасты. Бүгінгі Форумға қатысушылар осы лектің өкілдері. Экономика және бизнес, ағарту ісі мен білім беру, заң шығару және құқық қорғау ісінде, мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастарда жастардың қатары күшейіп келеді. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен елімізде жастарға тек мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық мүмкіндіктер ашылды. Қазір көбіміз сол игіліктердің тұтынушыларымыз. Біз соны ұмытпауымыз керек. Қолдағыны бағалап, одан әрі алға жылжудың қамын ойлаған жөн».
Өз сөзінде Бақытжан Темірболат Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнінде өтіп жатқан форумның маңыздылығын атап өтті.
– Биыл егемен еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Бұл уақыттың ішінде Қазақстан халықаралық аренада елеулі беделге ие қуатты, өркендеген демократиялық мемлекетке айналып, қомақты нәтижелерді қанжығасына байлады. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев қазақстандықтардың жаңа буынын еліміздің ең үлкен жетістігіне балайды. Осы орайда елдің болашағы олардың білімі мен күш-жігеріне, патриотизміне байланысты екені хақ. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев та тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді өркендету бүгінгі ұрпақтың борышы екенін белгілейді. Сондықтан да болашағымыздың тізгінін ұстар жастарға үмітіміз бен сеніміміз мол, - деді ол.
– Халық тарихын білетін, мемлекетті құрметтейтін, үнемі ізденіп, даму үстінде жүретін адал, еңбекқор азаматтар – Мемлекет басшысы айтқандай, ұлтының нағыз патриоттары. Қ.К. Тоқаев елдің технологиялық және рухани жаңғыруындағы жастардың шешуші рөлін белгілеп, мемлекеттің қуатты әлеуеті, экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайларға баламалы, прогрессивті көзқарастың көзі ретінде жастардың саяси санасын дамытуды қолға алды. Бүгінде негізін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев қалаған жастардың патриоттық тәрбиесі азаматтық қоғамның дамуы мен тұрақты прогресске қол жеткізуінің ажырамас, қажетті бөлігі болып отыр, - деді Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.
Бүгінде Қазақстанда жастарды қолдау және ынталандыру бойынша бірқатар мемлекеттік жобалар іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Елбасы бастамасымен құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиясы, президенттік жастар кадрлық резерві, жастарды жұмыспен қамту бағдарламалары, т.б. бар.
Елімізде сондай-ақ 29 жасқа дейінгі әйелдер мен жастар үшін саяси партиялардың сайлау тізіміне міндетті 30 пайыздық квота енгізілген.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы көптеген жылдар бойы тағайындалып келсе, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен дарынды жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бекітілді.
– Ғасырлар бойы жаһан жастары әлемді өзгертуге даярлығын, зиялығын сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеді. Қазақстанның жаңа толқынына келсек, ковид экспресс-тестін ойлап тапқан ғалым Болат Сұлтанқұлов, сұңғыла шахматшы Жансая Әбдімәлік, «Грэмми» иегері Иманбек Зейкенов, дарынды режиссер Айсұлтан Сейітов сияқты жастардың есімі көпке белгілі. ...Қоғамның көкейін мазалаған кез-келген өзекті мәселе жастармен байланысты, себебі әрбір үшінші қазақстандық – 35 жасқа дейінгі ел азаматы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партиямыздың көшбасшысы мемлекет пен ұлттың болашағы тікелей жастардың қолында екенін әрдайым айтып отырады. Сондықтан да «Nur Otan» еліміздің жас буынына ерекше көңіл бөледі. Партия құрылған жылдың өзінде «Jas Otan» жастар қанаты құрылып үлгерген болатын. Бүгінде ол 100 мыңнан астам жас жалынды қамтып отыр. Дәл бір апта бұрын партия саяси кеңесінің бюросы «Жастар – Отанға!» жобасын жүзеге асырудың 2025 жылға дейінгі жол картасын бекітті. Бұл жоба сапалы білім, жұмыспен қамту, жас отбасыларды демеу, қолжетімді баспана, жеке даму сияқты 5 негізгі бағытты қамтиды, - деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
– Президент 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Еріктілер жаһандық пандемиямен күреске баға жетпес үлес қосты. Бас қала еріктілерімен бірге 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 170 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында Еріктілер штабы жұмыс істейді. «Қайырымды істер марафоны» акциясы аясында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қалалық еріктілер штабы 700-ден астам акция өткізуді жоспарлап отыр, - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
– Жарқын болашақта өмір сүру үшін жастар көздеген мақсаттарға жетуде ақыл-парасатына сүйенуі тиіс. 21 ғасырда еліміздің бәсекеге қабілетті, әбден гүлденіп, әлем мойындаған мемлекеттердің қатарынан көру үшін көп еңбектенген абзал. Бұл тарапта мемлекет жастардың дамуына көп жағдай жасап жатыр. Жастар саясатын жүзеге асырудың арқасында мемлекет жаңа инновациялар мен интеллектуалды бәсекелестікке қол жеткізбек, - деді ҚР Ақпараттық және әлеуметтік даму министрінің міндеттерін атқарушы Серік Егізбаев.
«Ресей жастар одағы» бүкілресейлік қоғамдық ұйымының төрағасы Павел Красноруцкий «Ұлы Отан соғысы тұсындағы кеңес халқының ерлігін есте сақтау жұмыстарын жастарға ұйымдастыру» тақырыбында баяндама оқыса, Қырғыз Республикасы Жастар парламентінің жетекшісі Назгүл Жолдошова «Жастар парламенті» жобасының қызметін тілге тиек етті. «Беларусь Республикасы жастар одағы» қоғамдық бірлестігі орталық комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Воронюк «Бүгінгі жағдайдағы патриоттық тәрбие. Беларусь жастар ұйымының тәжірибесі» тақырыбында сөз сөйледі.
Пленарлық отырысқа сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жастар кеңесі хатшылығының меңгерушісі Алексей Карпенко, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Мария Мудряк, Ливандағы БҰҰ бітімгершілік миссиясының мүшесі, әскери дәрігер Сәулет Қалдашов қатысты.
Форум барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің көшбасшы жастарға онлайн-үндеу жасады.
«Оpen space» форматында «Қазіргі әлемдегі табысты жастардың диалогы» және «Мәдени-гуманитарлық, инновациялық процестердің дамуын жаңғыртудағы жастардың рөлі» панельдік сессиялары өтті.
Форум соңында қарар қабылданды.