Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Біз хейтерлер еліне айналып бара жатқандаймыз. Бізді біреу әдейі сынап жатқандай — жалаға қаншалықты дайынбыз, сөзбен “түйрегенде” қаншалықты мықтымыз деп тексеріп жатқандай.
Ең сорақысы — мұны көбіне бөгделер емес, өзіміздің адамдар жасайды.
Жанна Кан екі жыл қатарынан BeWoman форумын өткізіп келеді. Өз қаржысына. Мемлекеттік бюджетсіз.
Тек қолынан келгені үшін және қалағаны үшін. Өткен жылы форумға Мэй Маск пен Татьяна Бакальчук қатысқан. Биыл – Познер келді. 5 мың адам өз еркімен келді, ешкімді билет сатып алуға мәжбүрлеген жоқ.
Біз өзгенің ақшасын санағанды жақсы көреміз. Ал біреу 700 млн теңге мемлекеттік қаржыға бір ғана Comic Con өткізсе – үнсіздік. Ал белгілі кәсіпкер әйел форум өткізсе – бірден шу шығара жөнеледі. Тағы бір қызығы – мизогиния (әйелдерге қарсы жеккөрушілік) туралы ең көп жазатындар сол мизогинияның өзіне қатысып, басқа әйелдерді ләззаттанып сынайды. Бөгденің контенті арқылы контент жасау бүгінде бизнеске айналды. Жанна форумды YouTube-қа жүктейді, сол жерден қатыса алмағандар ақылды, прогрессивті әйелдердің сөзін тыңдасын деп. Ал «контентмейкерлер» керек жерін қиып алып, өздеріне лайықты цитаталарды жұлып алып, сол арқылы трафик пен ақша жинайды.
Біріккен Араб Әмірліктерінде, соның ішінде Дубайда, хейтке нақты тыйым салынған. Заң бойынша басқа адамға қатысты жеккөрушілік, кемсіту, қорлау немесе мазақ етуге болмайды. Себебі олар түсінген: жеккөрушілік елді ішінен бүлдіреді. Ал бізде – қалағаныңды жаза бер.
Ар-намыс пен қадір-қасиетін қорғау үшін сотқа жүгінетіндер әзірге санаулы. Әр адам өз ақшасына қалаған ісін жасауға құқылы. Әркімнің қателесуге де, өз болмысы болуға да құқығы бар. Ең бастысы – ертең сені әлеуметтік желіде «жыртып» тастай ма деген қорқынышсыз өмір сүруге құқылы”, - деп жазды журналист.