Біз өзі қоймыз ба, адамбыз ба?

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы адвокат Абзал Құспанның фейзбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Құрбандыққа бауыр еті өз баласын бауыздай жаздап, орнына мал (көк қошқар) шалынғандығы туралы қиссаның исламдық та, христиандық та нұсқасы бәрімізге белгілі. Құдіреті күшті Алла тағала Ибрагим (Ибраһим, Ибраим) пайғамбарды сөйтіп сынаққа алды делінеді қасиетті кітаптарда. Осы қиссаны айтушылар көп те, бірақ оның хикметін жеткізушілер қарасы аз көрінеді маған.

Құрбан айт күні мешіт айналасы әуелі мал базарға, кейін қан базарға айналады. Осы көрініс жыл сайын қайталанады. Көп адам өзі үшін, бір жандықты құрбанға шалып, оның етін таратып қайтуды ғана міндет санайды. 

Сонда Ибргаим пайғамбар туралы қиссаның, Құрбан айт мейрамының хикметі неде?

Менің бұл қиссадан ұққаным, Алла тағала адамның құрбан болмауын, құрбандыққа шалынбауын қалағаны анық білініп тұр.

Ал бізде не болып жатыр? Жақсы.Өзін мұсылман санайтын қатардағы адамдардың сол күнгі тірлігі туралы туралы әңгіме қозғамай-ақ, қояйын.

"Тауықтың түсіне кіретіні тары" демекші, мені әркез толғандыратын мәселе – мемлекет және оның болашағы. Егер, Ибрагим пайғамбардың орнына мемлекетті (билікті) әке, қара халықты оның баласы ретінде салыстыра қарар болсақ, сұмдық көрініске куә боламыз. Мемлекет өз балаларын Құдайдың құтты күні құрбанға шалуда!

Бастысы ол жағдай мемлекет билігінде отырғандар үшін қаншалықты ыңғайлы болса, құрбандыққа шалынып жатқандар үшін де солай ма, деп қаласың. Таң қаларлық жағдай?!

Мен еркек тоқты құрбандық болып кеткен Алашордашыларды, Желтоқсаншыларды, атылып, асылып, аварияға ұшырап өлген бетке ұстар саясаткерлерімізді айтпай-ақ, қояйын. Қазіргі түрмеде Сіз бен Біздің жеріміз үшін, бостандығымыз үшін отырған азаматтарымызды айтпай-ақ, қояйын... Кешегі суға кеткен Астана мен Астаналықтарды алып қарайықшы. Өздерінің алтын уақыттарын, дүние-мүліктерін, салық арқылы құралатын бюджет қаражатының желге ұшқанына, яғни, құрбан қылғандарына өкінген, қарсылық білдірген әке-мемлекет, бала-халықты көре алдыңыз ба?


Бір көріністе автобус ішіне кірген судан қашқан, оған мәз бола күлген халықты көреміз, ондайларды "ватсап" арқылы "прикол" қылып таратып, өзіміз мәз боламыз. Күнделікті құқығымыздың билік тарапынан аяқасты болып жатқанына көзіміз де, көңіліміз де үйреніп болған, көнгенбіз, көндіккенбіз.

Бүгінгі құрбан айт шынында ерекше күн. Бұл күні ешбір бюджеттік, мемлекеттік орган жұмыс істемейді. Бұл күні әке-мемлекет пен бала-халық бәрі бірге.Тіпті қол ұстаса мешітке, я мал базарға барады. Оның басынан бір жандық сатып алады. Одан кейінгісі белгілі, мал базар қан базарға айналады. Тек осы күні ғана адамдар мемлекетке құрбандыққа шалынбайды.

Мүмкін қой шалып, ет таратып болсақ, бәріміз бір кез ойланармыз? Біз өзі кімбіз, қоймыз ба, адамбыз ба?

Құрбан айт мейрамы құтты болсын!