Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін FILA ұйымы ағылшындардың күресін жан-жақты насихаттап келсе, бүгінде оның негізгі мақсаты - әр халықтың ұлттық күрес түрлеріне қолдау көрсету. «Ұлттық күрес өкілдерінің басын қосып, халықаралық деңгейге шығару - біздің негізгі міндетіміз. Осы орайда ертең Астанада өтетін қазақша күрестен III Әлем чемпионатының V Дүниежүзілік күрес ойындарымен қатар өткізілуі қазақ халқының ұлттық спортының жоғарылап келе жатқандығын көрсетсе керек», - дейді А.Пилау. Өз сөзінде қазақша күресті халықаралық деңгейге шығару жолында осы спорт түрін әкімшілік жағынан тиімді басқару қажеттігін ерекше атап өткен ол қазақтың ұлттық спортын шетелдік ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. «Біз өз тарапымыздан жан-жақты көмек көрсететін боламыз. Себебі, қазақша күрес FILA ұйымының ресми күнтізбесіне енді. Басты мақсатымыз - қазақ күресін ресми спорт түрлерінің қатарына қосу болмақ. Осы күрестің жергілікті жердегі спорт түрі ретінде емес, ресми, яғни дүниежүзіне танылған спорт түрі ретінде бекіту жолында қызмет ететін боламыз. Әрине, олимипада деңгейіне дейін көтеру қиын. Бірақ біз осы жұмысқа да күш салатын боламыз», - деп атап көрсетті. А.Пилау.