Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол "Дала додасы" бағдарламасына берген сұхбатында қырғыздардың көкпаршыларға көрсететін сый-сыяпатын мысалға келтіріп, олардан үлгі алуға шақырды.
"Көкпарда қырғыздардан алатын нәрсе көп. Қазір қырғыз жайлы айта берсең, бізде кейбір адамдар жақтырмауы мүмкін. Алғанда жақсысын алып, жаманын қалдыру керек. Көкпарды кім шаппай жатыр?! Біздің ағаларымыздан да, әкелерімізден де қалған. Қазір қырғыздар ардагер 50 палуандарына ат мінгізді. Әр жарыста мінгізіп жатыр. Мысалы, Шымкенттегі Темірхан Айтбаев бір атқа тұрмай ма? Қазақстанға қанша жыл еңбегі сіңген жігіт. Бақтыбай Шырымқұлов, Еркебай Омарбеков, Ақылбай Манкеев, Әбдіқалық Қиянтаев, Бағлан Жәрменов, Тойшыбай Жұрынбаевтарға неге "Құлагердің" атынан бір ат мінгізіп, шығарып салмасқа?! Қазір аудан жиналып, ат мінгізетін дәреже ғой. Жамбыл облысы Нұрдәулет Момынов, Бақтияр Ақбаев, Манарбек Дүйсенбиев, Нұрболат Темірбековтерге төрт ат беруге жарымай қалды ма? Алматы облысынан да, Шығыс Қазақстаннан да жігіттер бар. Тарбағатайдан Есенжол Қишанов деген жігіт бар еді, марқұм болып кетті. Соны 20 мың теңгелік шапан жаппай шығарды. Осы нәрселер маған батады. Осындай көкпаршылар әр облыста бар. Ал Қырғызстанда бізден кіші, жоғарыларға да әр жарыста ат мінгізіп, марапаттап жатыр. Соны көрген бала командаға келеді. Мысалы, қазір Азия, әлем чемпионы атанып жатқан боксшыларға үйді, көлікті не үшін беріп жатыр? Мотивация болсын деп сыйлап жатыр. Ертең маған ат берсе, соны әлеуметтік желіге салып көрсетемін, мақтанамын. Соны көрген бала Жұлдызхан Тайырбеков сияқты ат мінсем деп ойлайды. "Тәрбие тал бесіктен" дейді ғой. Қырғыздарда сол бар. Сондай жақсы жерін алу керек. Бізде жасы келген көкпаршылар керегі болмай қалады", - дейді ол.