"Бізді қорлап жатыр": Өнербаевтың тілге қатысты ұсынысын орыстілді азаматтар қалай қабылдап жатыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Негізінен әнші бұл ұсынысты елдегі түрлі айыпұлдардың көбейіп кетуіне наразылық ретінде айтқан болатын.

"Күнде бір айыппұл түрін шығарасыңдар! Бір айыппұл түрін халық өзіміз ұсынайық. Қазақ тілінде сөйлемейтіндерге 39 320 теңге айыппұл салынсын!", - деп жазды әнші желідегі парақшасында.

Өнер иесінің бұл бастамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының басым бөлігі Өнербаевты қолдағанымен, орыстілді азаматтар оны ұлтаралық араздық тудырып жатыр деп айыптауда.

"Аға қолдаймыз! Бір өнер адамдары табылды-ау, елдің мұңын айтатын", "Бұл айыппұл аз, 100 мыңға көбейту керек", "Толықтай келісемін, қолдаймын", "Өте дұрыс, 34 жыл ішінде қазақ тілін меңгере алмай жүргендер айыппұл төлесін", - деп жазды әншінің оқырмандары.

Ал, осы жаңалықты жариялаған Qazpress.kz парақшасындағы пікірлер мүлде басқа сипатта.

"Әрине, біздікілер айыппұлдан басқа ештеңе білмейді ғой", "Бұл ұсыныс Конституцияға қарсы, адам құқығының тапталуы", "Бұл әншісымақ мына пікірімен ұлтаралық араздық тудырып жатқанын біле ме", "Қай тілде сөйлейтінімізді сенен сұрауды ұмытып кетіппіз, әнші болсаң әніңді айтып жүре бер", "Орыстілді халықтарды қорлап жатыр. Өздерінің қазақтары да ана тілдерін дұрыс білмейді", - деп жазды елдің қазақша білмейтін азаматтары.

Александр Круглов есімді өскемендік заңгер де Нұрлан Өнербаевты ұлтаралық араздық тудырып жатыр деп айыптаған.

"Нұрлан Өнербаев деген біреу, әнші және қоғам қайраткері қазақ тілін білмейтіндерге 39 320 теңге көлемінде айыппұл салуды ұсыныпты. Бұл орынсыз әзіл ме, әлде қылмыстық кодекстің 174-ші бабына қарсы шығу ма", - деп жазды ол.

Кругловтың бұл пікірі де желі қолданушылары мен қоғам белсенділерінің қызу талқысына түсті.

"Осыдан біраз күн бұрын, Нұрлан Өнербаев ағамыз: - күніне бір штраф ойлап шығарасыңдар, Қазақша сөйлемегендергеде штраф салатын заң шығарайық дегендей жазба салған еді. Осы елдің қожайыны, мемлекет құраушы ұлттың өкілі мына біздер барынша инфо қолдау көрсеттік. Өйткені тіл, біздің басымызды қосатын, біріктіретін күш. Тіліміздің мықты болуы біз үшін маңызды.

Енді мынаны қараңыздаршы, некий Александр Круглов деген біреу, "Анашым өлеңімен Азияны тербеген ағамызды некийй деп, оның, тіліне деген жан айқайын ұлтараздық деп отыр. Яғни, байқа, дөтіңді қыспасаң, өз заңыңмен ақ паңқ еткіземіз дегендей емеуірін. Пікір бөлімін қарасаң қолдап отырғандарда жетерлік. Жаныма батқаны, қолдап отырғандардың біразы өзіміздің жартыбас Қазақтар.

Мына Александр, Шығыс Қазақстанда тұратын адам екен. Осы жазбасы үшін кешірім сұрайды деп үміттенемін!", - деп жазды қоғам белсендісі Бурахан Дақанов.

Көп ұзамай Александр Круглов өзінің тарапына агрессия көбейгендіктен Өнербаев туралы жазбасын өшіруге мәжбүр болған.

"Менің тарапыма көрсетіліп жатқан агрессияның шектен шығып кеткендіктен әншінің мәлімдемесі туралы жазбамды өшіруге тура келді. Бізде пікір таластыра алмайды", - дейді ол.

Әншінің көтерген бұл бастамасы қазақ қоғамы бір-бірімен келісімге келе алмайтын, бір-бірін құрметтемейтін қазақтілді және орыстілді деп аталатын екі топтан тұратынын анық көрсеткендей.

Осы ретте өнер иесінің ұсынысы қаншалықты дұрыс? Қазақ тілінің қоғамдағы бүгінгі мәртебесі қандай? Осы және өзге сұрақтарды тіл жанашыры, Qazaq_tilalemi онлайн-мектебінің негізін қалаушы Жанаргүл Төлегенқызына қойып көрдік.

"Әрине, адам өзі тұратын мемлекеттің тілін білу керек. Бұл бастама дұрыс деген көзқарастамын. Бірақ, қазір қоғамда өнер адамдарының қадірі азайып кетті ғой. Ертеректе әншілерді тек сахнадан ғана көретінбіз. Қазір олардың той-томалаққа шығуы олардың қадірін түсіріп жіберді. Олардың өнерін кез келген уақытта сатып алуға мүмкіндік болғаннан кейін оларға деген құрмет азайды. Өздерінің қадірі болмаған соң, олардың айтқан пікірінің де салмағы болмайды. Менің ойымша, мұндай бастамалар мемлекеттік мінберлерлен, арнайы тіл мәртебесін қорғаумен айналысатын ұйымдардың тарапынан айтылса өтімдірек болады. Қазір менің оқушыларымның көбі соғыс жағдайына және жеке себептерге байланысты көшіп келген өзге ұлт өкілдері. Оқушылардың саны да күннен күнге артуда. Себебі, бесінші сыныптан бастап қазақ тілінен емтихан енгізді. Соның да әсерінен оқушылардың саны көбейді. Шәкірттерімнің арасында Қазақстан азаматтығын алу үшін тіл оқып жүрген ересек азаматтар да бар. Демек, біртіпдеп қазақ тіліне деген қажеттілік артып келеді. Мен оқушыларым арасындағы өзге ұлт өкілдерінен қазақ тіліне деген менсінбеушілік байқамаймын. Өзім де шамам жеткенше оларға тіл үйрету барысында қазақ халқының салт-дәстүрін де түсіндіруге тырысамын. Сондай-ақ, оқушыларымның арасында қазақша білмейтін қазақ жастары да көп. Олар қазір жастар арасында қазақша сөйлеу трендке айналды, сол үшін үйреніп жүрміз дейді. Сондықтан менің көзқарасыммен тілге деген қызығушылыққа қатысты нәтижелер жаман емес", - дейді тіл жанашыры.