Бұл бағыт бүгінгі нарықтық қоғамға қалай енді, ерекшелігі мен тиімділігі қандай? Сондай-ақ, елімізде кәсіпкерлікті қалай дамытуға болады, жастарды бизнеске қалай үйрету керек?
Caravan.kz медиа порталының осы және басқа да сауалдарына экономист-сарапшы Дәулетбек Тоқтасынұлы жауап берді.
- Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің болашағы қалай деп ойлайсыз?
- Оның болашағы жақсы. Ол өте дұрыс ұйымдастырылған нәрсе. Бұл әлемдік тәжірибеден өткен жоба. Ол біздің Қазақстанға да өте тиімді болар еді. Бірақ соны түсінетін, көпшілкке түсіндіретін мамандар аз. Себебі, мемлекеттік-жекеменешік серіктестікті әлі де дұрыс түсінбейтін жандар бар.
- Аталған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ұғымын тереңірек түсіндіріп өтіңізші, бұл мемлекетке деген тәуелділікті азайту ма, әлде бірлесе жұмыс істеуді көздей ме?
- Бұл ынтымақтастықта тиімді әрекеттесу мақсатын көздейді. Бұл жоба тығырықтан шығудың, дамудың экономикалық механизімін қалыптастырады. Бұл деген өте сенімді жоба. Енді осыған да қаржы бөліп, бизнес тренингтер ұйымдастырып, мемлекет қолдау көрсету керек. Керек болса субсидия бөлу керек. Бұның механизмдері көп, ауқымы кең.
- Жалпы осы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қай елдерде жақсы нәтижесін көрсетті?
- Мысалы, көрші Қытайда жақсы дамыған. Қазір бұл нәрсе Өзбекстанда да жақсы жолға қойылды. Өзбекстан ең аяғы шегеге дейін өздері шығарып, өздері сатады. Бізге де өз тауарымызды шығарып және оны өзіміз сатып алуымыз қажет. Ол да кәсіпкерлікті қолдаудың бір түрі. Өйткені мемлекеттік сатып алу, яғни ақша өзіне түсіп, өз пайдасына жарау керек. Яғни, ақша айналымда болу керек. Мысалы, Өзбекстаннан көкөніс көп келеді, біз сатып аламыз, ал ақша сыртқа кетеді. Ал Өзбекстаннан келген жұмысшылар осында жұмыс істесе біздің ақшаны өз елдеріне әкетеді. Біз ең аяғы тойды да шетелде, жаңағы Дубайда жасап, шетелден үй алып ақшаны сыртқа жіберіп жатырмыз. Бұл жағдай біздің экономикамыздың дәлізін қысқартады. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге 10 мың доллардан артық шығаруға тиым салған жарлығы өте ұрымтал сәтте, дұрыс қабылданған шешім. Сол сияқты шетелге алтын бұйымдарды да, басқа да бағалы дүнелерді дәл қазіргі кезде шығармау керек. Яғни шектеу қою керек.
- Елімізде көпшілікке арналған «Кәсіпкерлік әліппесі» қалыптасты деп ойлайсыз ба? Жалпы, жастарға шағын және орта бизнестің қыр-сырын, заңдылықтары мен жолын үйрету үшін не істеуіміз керек?
- Жастарды кәсіпкерлікке үйрету үшін, бизнестің қыр-сырын үйрету үшін бейімдейтін орталықтар қажет. Кәсіпкерлікті дамыту үшін мысалы жеңіл өнеркәсіпті айтайықшы, шағын кәсіпорындар ашылса соған жеңіл пайызбен мысалы, 3 пайыздық несие бөлген кезде ғана дамиды. Жас кәсіпкерлерді міндетті түрде оқытып, қолдарына арнайы сертификат беру керек. Оларды сүйемеледу керек. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерді ақпаратық технологиямен қамтамассыз ету керек. Олардың барынша оқытып, білімін жетілдіру керек. Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретуге сеп болатын арнайы форумдар өткізу қажет. Жоғары оқу орындарынан бір-екі айлық курстар ашса артық болмайды. Мұның бәрі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысына жатады. Кез келген адам кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Бір кәсіпті меңгеріп шығатын адамдар болады. Оқып шығып диплом алған шарт емес. Сол жұмысты істеп көріп, тәжірибе алған адамдармен жұмыс істеу керек. Мысалы, көкөніс өндіру, жылыжай, болмаса құрылыс материалдарын дайындау, шикізат өнімдері, сервистік қызметтер. Осының бәрі соған кіреді. Осындай тауарларды шетелден сатып алғанша өзімізден шығады ғой. Көмір шығады, темір шығады, әйнек шығады. Бізде Менделеев айтқан элементтерінің бәрі бар. Біздің мемлекетіміз кедей мемлекет болуға қақысы жоқ. Қазақстанның мүмкіндігі өте жоғары. Қай мемлекетпен болмасын иық тірестіре алады. Бірақ біздің адамдарға осы кәсіпкерлікпен айналысуы қаржыға келіп тіреліп, қолбайлау болып тұр. Меніңше, сол үшін осы 2022 жылы кәсіпкерлікпен айналысатын жандарады қосымша құн салығынан босату керек. Сонда кәсіпкерлік сала дамиды.
- Яғни, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бұл кәсіпкерлікті барынша қолдаудың тиімді жолы ғой.
- Дәл солай. Және де кәсіпкерлердің өндірген өнімін сатуға мүмкіндік жасау қажет. Мәселен, тауарды теміржолмен тасмалдайтын болсақ оған 50 пайыздық жеңілдетілген транспорттық өлшеммен апару керек. Мысалы, Сарыағашта көкөніс өндіру жақсы жолға қойылған. Оны Солтүстік аймақтарға жеткіу үшін транзиттік жолдың мәселесін жеңілдету керек. Үкімет осындай дәліз жасап берсе жақсы болады. Осындай қолдаулардың арқасында кәсіпкерлік дамиды. Кәсіпкерлік дамыса мемлекетіміз өркендейді.
- Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сондай-ақ бәсекелестікті дамытуға бағытталған. Жалпы осы жобаға көңіліңіз тола ма?
- Көңілім толмайды деп айтуға келмейді. Тек бір айтарым осыны ары қарай дамыту керек. Кеткен кемшіліктердің орнын толтырып озық нәтижелерді үлгі ретінде, модель ретінде қалыптастыру керек.