Бизнестің мемлекеттік сатып алуға сенімі артып келеді - Қаржы министрлігі

Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік сатып алулар бойынша құқыққа қайшы әрекеттерге, ұйымдастыруға қатысты шағымдар саны азайған. Сонымен бір мезгілде, мемлекеттік сатып алуларға қатысушылар саны да артты.

«Мәселен, ағымдағы жылы бір ғана конкурсқа қатысушылар саны бес есеге артты. Бір ғана сатып алуға 50-ден астам қатысушылардың тіркелетіні қалыпты жағдай болып келеді. Нәтижесінде кейбір жағдайда мемлекеттік сатып алуда белгіленген қаражат 40-50 пайызға дейін төмендетіледі. Осының өзі белгілі бір сенімнің қалыптасқанын білдіреді. Сатып алуларда бәсекелестік артып, қаражатты үнемдеу айтарлықтай білінді. Атап айтқанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үнемдеу екі есеге жетіп, 25 млрд теңгені құрады», - деді Р. Бекетаев.

Сонымен қатар, вице-министр мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау да кеңінен қамтылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі күні кез келген азамат үшін мемлекеттік сатып алу порталы қолжетімді. Ал құқық қорғау органдарына кеңейтілген бақылау берілген.