Мәжіліс отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің бюджеттік өтінімі қарастырылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Нартай Аралбайұлының мәліметінше, аталған министрлік 2025-2027 жылдарға бюджеттен 2 244,7 млрд. теңге сұраған. Жылдарға бөлгенде, 2025 жылға - 790,7 млрд. теңге, 2026 жылға - 762,7 млрд. теңге, 2027 жылға 691,3 млрд. теңге.
Ал стипендия мен оқу мәселесене қатысты былтыр 25 млрд теңге, биылға 23 млрд 887 млн теңге бөлінген.
Мәжіліс депутаты осы жерде "Болашақ" бағдарламасының стипендиясы неге өспейді деген сұрақ қойды. Америкадағы студенттер "Болашақ" бағдарламасының басшылығымен былтыр кездескенде, келесі жылдан бастап стипендия өседі деген. Алайда тікелей басшылығына хабарласқан депутатқа нақты нәтиже шықпағанын, әлі жұмыстар жүріп жатқанын жеткізген. Бұл сұрақтардың жауабы жоқ, оны есептеуге тағы да консалтингтік компания шақырыла ма? Шақырылса, не өзгереді? Оған қанша ақша бөлінді? Бұл сұрақтарға министрлік нақты жауап бере алмады.
"Қазір консалтингтік компанияны таңдау жұмыстары жүріп жатыр. Оған 23 млн теңге қаражат сұрадық. Жылдың соңына дейін компания анықталады, кейінгі бюджет сомасы қайта қарастырылатын болады", - деп жауап берді Дархан Ахмет-Заки.
Екінші мәселе, студенттер, магистранттар мен докторантурада білім алып жатқан азаматтарды жатақханамен қамтамасыз ету. Жатақхана жетіспеушілігі өзекті мәселе. Былтыр бюджеттен 6 млрд 137 млн, биыл 7,2 млрд теңге қаражат сұратқан. Алайда бұл ақшаға салынып жатқан жаңа студенттер үйі байқалмайды. Оқу жылы басталғанда елімізде көше кезіп сандалатын студенттер жеткілікті.
"Еліміз балаларды хостелге жатқызу тәжірибесінен қашан арылады? Ол шешім емес. Ол жерге жатқан адамдардың өрттен көз жүмғанын көзіміз көрді. Яғни, қауіпсіздік мәселесі бұл салада ақсап тұр. Жатақананың жетіспеушілігі қашан шешіледі?", - деп сұрақ қойды депутат Нартай Аралбайұлы.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
"Жатаққана салу жекеменшік инвесторларды тарту арқылы шешіліп жатыр. Келесі жылы он төрт мың жаңа орын салынады деп жоспарлап отырмыз. Хостел практикасы биыл да сақталады. Алайда оның талаптарын күшейттік. Барлық талаптарға сай келетін, қауіпсіздік шаралары сақталған он шақты хостел биыл да университеттермен жұмыс жасап жатыр. Бір оқу орнына бір хостел қарайтын болады", - деді ол.
Егер де статистикаға сүйенетін болсақ, елімізде 20 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Былтыр 43 жатақхана қолданысқа берілді. Бұл – соңғы он жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс жылдың басында жатақхана мәселесіне қатысты былай жауап берген.
"Біздің демографияға қарасаңыздар, дефицит ешқашан жойылмайды. Оны азайтуға болады. Жоспарымыз – 2027-2028 жылға дейін 7-10 мыңның көлеміне дейін түсіру. Ол үлкен дефицит емес. Негізі Астана мен Алматы қалаларындағы мәселені шешсек, басқа өңірлерде ондай үлкен тапшылық жоқ. Қазір ақырындап Ақтөбе, Шымкент, Түркістанда да демография көтеріліп отыр. Біз нақты келесі шараларды ұсынып отырмыз. Бірінші – қолданыстағы нысандарды реконструкциялау үшін Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда субсидия нормативтерін 2 есеге арттыру. Бұл бизнес мүдделі болуы үшін қажет. Мәселен, жұмыс істемей тұрған бизнес орталықтар, қонақ үй, хостелдерді толыққанды жатақханаға айналдыруға қажет. Екіншіден, жатақхана құрылысына бизнесті тарту", - деген еді министр.