БҚО-да ауыл тұрғынынан 226 ақбөкен мүйізі тәркіленді

Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Казталов ауданы тұрғынының гаражын тінту барысында полицейлер ақбөкеннің 226 мүйізін тауып, тәркіледі. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі бойынша 10-20 мамыр аралығында 103 қылмыс анықталды.

Тыйым салынған заттарды алып жүргені және сақтағаны үшін 88 азамат ұсталды, олардан 13 бірлік атыс қаруы, 4 есірткі заты, 5 оқ-дәрі және 64 жаншып-кескіш құралдары тәркіленді.

Детоксикация орталығына қоғамдық орындардан 366 азамат оқшауланды, қабылдау-тарату орнына белгілі тұрғылықты жері жоқ 45 адам жеткізілді, сондай-ақ бейімдеу орталықтарына 8 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді.

Аталған іс-шара барысында 5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 435 ұсақ бұзақылық, 491 ішімдік ішу және қоғамдық орында мас күйде жүру. Сондай-ақ, көлік құралдарын масаң күйде басқарған 73 жүргізуші ұсталды.

Қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда және жалғастырылатын болады.