Елді «Благодаттың» рақымына «бөледім» деп жүрген Бақытжан Қашқымбаев сот залына қолы кісендеулі күйінде жеткізілді. 68 жастағы діндардың қандай құдіреті барын кім білсін, оны қолдауға келген жақтастарының қарасы көп. Үлкені де, кішісі де «рухани көсемдерінің» жанынан табылып, қолдарын бұлғап жатыр. Бір жылға созылған іске бүгін соңғы нүкте қойылды.
Гүлжахан Ұбашева, судья:
-Бақытжан Қашқымбаевтың кінәсі дәлелденді. Оған 4 жыл шартты мерзім кесілсін. Қашқымбаевтан ешқайда шықпау туралы қолхат алынсын.
Алайда, діндар соттың бұл шешімімен келіскен жоқ.
- Тергеу материалдары ойдан құрастырылған. Біреуімен де келіспеймін.
Енді Қашқымбаев зардап шегуші 34 жастағы Ләззат Әлменоваға 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеуі тиіс. Жәбірленуші діндардың қолынан қызыл түсті су ішіп, кейін жындыханадан бір шыққан болатын. Бүгін 9 ай бойы отбасын көрмеген пасторды әйелі мен бауырлары күтіп алды. Ол болса үйіне емес, бірден «Благодать» шіркеуіне тартты. Соттың шешімі бойынша, Қашқымбаев сол ғимарат ішінен ешқайда аттап басып шықпауы тиіс.
– Сот тұрғылықты жер ретінде осы шіркеуді атады. Енді осында тұрамын.
Жалпы процесс тыныш өтпеді. Отырыстардың бірінде пастордың жақтаушылары жәбірленушіні сабап тастай жаздады. Айыпталушының адвокаты Нұрлан Бейсекеев сот залын тастап кетіп қалғаны тағы бар. Бір қызығы, Қашқымбаевтың сотына АҚШ үкіметінің ықпалы күшті болды.
Өйткені, бұған дейін Бақытжан Қашқымбаевқа прокурорлар 4 бірдей айып таққан еді. Алайда, АҚШ-тың конгресінен жолданған хаттың себі тиіп, оның мойнындағы "бірлестікті заңсыз құрды" және "экстремизмді насихаттады" деген екі бап күтпеген жерден алынып тасталған-ды. Ал, бүгін тіпті, қалған екі бап та жеңілдетіліп, сот залында-ақ қолындағы кісені шешілді.
-Пастор Бақытжан Қашқымбаев өзінің толық ақталып шығуы үшін барын салмақ. Бүгін ол бірден Ішкі Істер депаратаментінің сейфінде жатқан 6 млн.теңгесі, мен 50-ге жуық алтын әшекей бұйымдарын қайтаруды талап етті. Ал шартты мерзімге кесілген 4 жыл ішінде тағы шатылса онда діндардың бірден түрмеге қамалатыны ескертілді.