«Блогадать» шіркеуі экстремизмді насихаттады деп айыпталуда

Талайдың тағдырын талқандаған «Блогадаттың» қазір елімізде 5 мыңнан астам сыйынушысы бар. Сол соқыр сенімнің жетегінде жүргендердің әрбір бесіншісі - қазақтар. Міне, шіркеудің шырмауына жақсылап маталған  жігіттеріміз алелуяны ана тілінде шырқап тұр.

Америкалық құқық қорғаушылар Астанаға дәл осы діни бірлестіктің  жетекшісі, қамауда отырған Бақытжан Қашқымбаевты босатуды талап етіп келіпті. Айтуларынша, Қазақстан пасторды тұтқындап, азаматтардың діни бостандығына қол сұғып отыр. Шіркеу мәселесін май шаммен қарауға келген делегацияны тіпті АҚШ-тың елшісі қызметтік көлігімен тасып жүр.

Кэтрин Лантос Светт, АҚШ-тың халықаралық діни бостандық туралы комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Мен халықаралық діни бостандық туралы комиссиясының мүшесімін. Қазақстанға алғаш рет жолымыз түсіп отыр. Үкіметтегілер мен түрлі діни ағымдарының мүшелерімен кездестік. Әзірге бұдан артық ештеңе айта алмаймын. 

Қашқымбаевқа қатысты қылмыстық іс былтыр күзде қозғалған. Оған қарсы «Благодаттың» рақымына бөленемін деп келгендердің бірі шағым түсірген болатын. 34 жастағы келіншек ғибадат кезінде дәл осы пірәдардың қолынан қызыл түсті су ішкеннен кейін психиатриялық ауруханадан бір-ақ шыққан. Алайда пастордың өзі жұртқа каркаде шәйі мен түрлі шырын ғана бердім деп бет бақтырмай қойған еді.


Бақытжан Қашқымбаев, Астанадағы «Благодать» діни бірлестігінің жетекшісі:

- Біз ешқандай психотроптық зат пайдаланған жоқпыз. Мен ондай қадамға Құдай алдында баруым мүмкін емес. Біз шырынды немесе каркаде шайын ғана қасиетті су ретінде пайдаланамыз.

Америкалық құқық қорғаушылардың сөзі өтті ме әйтеуір Астана соты бүгін Қашқынбаевты үйқамаққа ауыстыру туралы аяқ асты шешім шығарыпты. Алайда, пастор үйіне жетпей жатып, тергеу изоляторына тағы үш тәулікке тоғытылды. Оған қатысты қосымша іс қозғалған. Елімізде еркін жайлаған жат ағымның жетекшілеріне қатысты бұған дейін де шу шыққан еді. Екі жыл бұрын шіркеудің негізін қалаушы Ким Сам Сон 130 мың АҚШ долларын жасырып алып кетпек болған жерінен ұсталған-ды.

Ал әйелі, екі ұлымен қоса жат ағымның жетегінде кеткен 67 жастағы Бақытжан Қашқымбаев қазір Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Оған қатысты прокуратура экстремизді насихаттады және әлеуметтік араздық тудырды деген дерек бойынша тағы екі қылмыстық іс қозғады.