Осы қарқынды құрылысқа байланысты тауға жиі шығатын тұрғындар мен туристер әлеуметтік желіде мұздықтың тағдырына алаңдаушылық білдіре бастады. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап беру үшін Caravan.kz медиа порталының тілшісі құрылыс нысанының басшысы Ринат Файзуллинмен сөйлесіп, атқаралып жатқан жұмыстардың мақсатын анықтап білді.
Богданович мұздығының маңында не салынып жатыр?
Шымбұлақтан аспалы жолмен жоғары көтерілгенде, Комби-2 станциясы маңынан әрі қарай таулы бағыт жалғасады. Сол жаққа қарай жүрсеңіз Богданович мұздығы, «Октябрь» үңгірі және одан әрі Нұрсұлтан шыңы орналасқан. Бұған дейін «Комсомол» шыңы деп аталған.
Ал оқ жақта «Чимбулачка», «Башута», «Панорма», «Фурманов» атты төрт тау шыңы арқылы өтетін күрделі біркүндік бағытты өтуге болады.
Қазір дәл осы аспалы жол аяқталатын аймақта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бульдозерлер мен экскаваторлар, құрылыс материалдары мен жұмысшыларға арналған вагондар бар. Құрылыс кезінде бұл бағыттағы қозғалысқа уақытша шектеу қойылған.
Нысан басшысы Ринат Файзуллиннің айтуынша, жоба аясында екі жаңа көтергіш жүйесі мен екі шаңғы трассасын салу жоспарланған.
«Біз тек екі жаңа аспалы жол мен екі шаңғы трассасын салып жатырмыз. Ағаш кеспейміз, асфальт төсемейміз, кафе салмаймыз», – дейді ол.
Оның сөзінше, бір көтергіш төрт орындық креслолы аспалы жол болса, екіншісі – бугельді көтергіш болады.
Мұздықтың табиғи бедері өзгере ме?
Құрылысқа қатысты Богданович мұздығы бұзыла ма деген сұрақ жиі қойылып жатыр. Біз де сұрақты құрылыс басшысының өзіне тікелей қойдық.
«Богданович мұздығын тегістеп, бұзбайсыздар ма?» деген сауалымызға ол қысқа жауап берді:
«Жоқ».
Файзуллиннің айтуынша, құрылыс жұмыстары барысында мұздық бұзылмайды, керісінше, осы аумақта шаңғы инфрақұрылымын дамыту қарастырылған.
«Адамдардың ол жаққа қазір баруына мүмкіндік бермеуіміз уақытша шара. Құрылыс жүріп жатқан жерде жүру қауіпсіз емес», – дейді құрылыс басшысы.
Иинфрақұрылым не үшін қажет?
Ринат Файзуллиннің айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік желілердегі фотолар мен видеолардың әсерінен Богданович мұздығы мен Қазан үңгірі орналасқан аймаққа баратын адамдардың саны артқан.
Оның сөзінше, тауға қажетті жабдықсыз және физикалық дайындығы жеткіліксіз адамдар да бара бастаған. Соның салдарынан кей туристер жарақат алып, құтқарушылардың көмегіне жүгінеді.
Құрылыс басшысы жаңа көтергіштер осы мәселені де шешуге мүмкіндік береді деп есептейді. Оның айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін тауға шығу физикалық мүмкіндігі шектеулі немесе қажетті жабдықтары жоқ адамдар үшін де жеңілдейді.
«Қазір ол жаққа халық жаппай баратынын түсінемін. Бірақ физикалық мүмкіндігі немесе қажетті жабдығы жоқ адамдар мұздықты көре алмайтындары әділетті емес. Келесі жылы оған кез келген адам көтеріле алады», – дейді ол.
Айта кетейік, жоба Алматы тау кластерінің құрамына кіреді. Жоба аясында Шымбұлақтан бөлек, Бұтақты, Кімасардан Ой-Қарағайға бағыт және Көкжайлаудағы Super Ski жобасы сияқты бағыттар қарастырылғанын айтты.
Қазір тауға шығу неге қиын?
Богданович мұздығы маңындағы құрылысқа қоса, биыл таудағы туристердің қозғалысына басқа да уақытша шектеулер әсер етіп отыр.
Медеу–Шымбұлақ бағытындағы автожолда жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс шектелген. Ал жақында Шымбұлақтағы аспалы жолдардың бір бөлігі де техникалық жұмыстарға байланысты уақытша тоқтатылды.
Сондықтан қазіргі уақытта Богданович мұздығы бағытына бұрынғыдай еркін жету мүмкін емес.
Ал құрылыс басшысының түсіндіруінше, нысандағы шектеулер құрылыс аяқталғаннан кейін алынып, жаңа инфрақұрылым туристерге қолжетімді болады.
Оқи отырыңыз: Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады