Салтанатты жиында өңір басшысы Кулагин бір ай бұрын елордада өткен Әлем чемпионатында топ жарған ақмолалық боксшы Дина Жоламанға облыс орталығынан екі бөлмелі пәтердің кілтін және 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Динаның бапкері Александр Высоцкийге алғыс хат пен ақшалай сертификат тапсырылды.
«Үлкен спортқа қадам басқан әр жастың асыл арманы – чемпион болу. Сол үшін де тер төгіп, еңбектенемін. Жаттықтырушым Александр Высоцкий тек үйретіп қана қоймайды, әрбірімізге өзінің баласындай қамқорлық танытады. Қатал да бола алады, талап та қоя біледі. Ең бастысы, адамның бойына сенімділікті ұялата алады. Мен ешқашан ерінген емеспін, күніне қанша рет жаттығу қажет болса, сонша рет жаттықтым. Алтын медаль алу жолына 9 жыл дайындалдым. Адам алдына мақсат қойса, алмайтын қамалы жоқ!», – деді Дина Жоламан қуанышты сәт үстінде.
Бұл күні өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Степногорск қаласындағы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жасағына облыс әкімінің алғыс хаты мен 2 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.
Өңір басшысы айтып өткендей, қазіргі таңда Ақмола облысы Астанаға азық-түлік тауарларын жеткізуші жетекші буынға айналып отыр. Биыл өңірден елордамызға 94 мың тонна сүт, 22,2 мың тонна ет, 222,5 миллион дана жұмыртқа, 85 мың тонна картоп пен 26 мың тонна көкөніс жеткізу жоспарланған.