Бокстан Италиядағы лицензиялық турнирге кімдер баратыны белгілі болды

Осы орайда, команданың бас бапкері Мырзағали Айтжанов лицензия сарапқа салынатын жарысқа кімдер қатысатынын айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

"Олимпиадаға іріктеу турниріне елдегі соңғы Спартакиаданың жеңімпаздары қатысады. Алты боксшыны жарысқа қосамыз. Ал Азия ойындарында жолдама мәселесін шешіп қойған Қамшыбек Қоңқабаевты жаттығу жиынына жіберуді ойластырдық", - деді Айтжанов. 

Ал Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Азиз Қожамбетов тек қана 63,5 келіде таңдау болатынын жеткізді.  

"Бұл салмақта Ертуған Төренов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлының біреуі баруы мүмкін", - деді ол. 

Айта кетелік, бокстан Қазақстан командасының қоржынына Олимпиаданың бір ғана жолдамасы бар.