Бокстан студенттер арасындағы IV әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары 1 алтын, 4 күміс, 4 қола еншіледі

Кеше Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан студенттер арасындағы IV әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты бәсеке барысында жаман өнер көрсетпеген қазақ боксшыларының 5-еуі ақтық жекпе-жектерге шыққан болатын. Алайда 91 келі салмақта өнер көрсеткен Данияр Үстембаев қана ресейлік Александр Караказянды 5:2 есебімен ұтып, чемпион атанды. Ал 49 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Мардан Берікбаев моңғол боксшысы Пуревдорж Сердамбадан 2:1, 52 келіде өнер көрсеткен Ысмайыл Ахунов-Хаби тағы бір шаршы алаң иесі Наамбайяр Тугцогттан 13:2 есебімен ұтылды. 60 келі санатында Ғани Жайлауов украиндық Денис Беринчиктен, 69 келіде Рүстем Сваев түрік Ондер Сипалдан ұтылды. Сондай-ақ Қазақстан қоржынын Айдар Шәрібаев, Әділет Ниязымбетов, Арбек Абдулғаниев, Рүстем Іргебаевтар қола медальмен толықтырды.

Командалық есепте 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленген шаршы алаң иелері көш бастады. Ал екінші, үшінші орындарды Ресей мен Түркия құрамасы бөлісті.