Болашақ зейнетақыны бүгіннен жоспарлауға бола ма? 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Жастықтың бейнеті – қарттықтың зейнеті» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Оның мәні қарапайым: адамның ертеңгі өмірі бүгінгі еңбегі мен қабылдаған шешімдеріне байланысты. Бұл қағида қазіргі зейнетақы жүйесіне де толық сәйкес келеді. 

Бүгінде әңгіме қысқа мерзімді жоспарлар туралы емес, адамның 20-30 жылдан кейінгі қаржылық тұрақтылығы туралы болып отыр. Алайда көпшілік зейнетақы мәселесін еңбек жолының соңына қарай ғана ойлай бастайды. Шын мәнінде, зейнетақы – адам зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

Адам табиғаты бойынша алыс болашақтан гөрі бүгінгі қажеттіліктерді маңыздырақ көреді. Сондықтан көп жағдайда жинақтаудан гөрі қазіргі шығындарға басымдық беріледі. Дегенмен уақыт, экономика және демографиялық өзгерістер ешкімді күтпейді.

Соңғы онжылдықтарда әлем бойынша адамдардың өмір сүру ұзақтығы артты. Соның салдарынан зейнетақы жүйелеріне түсетін жүктеме де көбейіп келеді. Сондықтан көптеген мемлекет азаматтардың болашақтағы зейнетақысын өз жинақтары арқылы қалыптастыратын жинақтаушы жүйеге көшті.

Қазақстандағы зейнетақы реформасы

БЗЖҚ ақпаратынша, Қазақстан да осы бағыттағы реформаларды жүзеге асырған елдердің қатарында. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің қаржы жүйесін жаңғырту қажеттілігі туындады. Сол өзгерістердің ең ірілерінің бірі 1998 жылғы зейнетақы реформасы болды.

Оған дейін елімізде ынтымақты жүйе жұмыс істеді. Яғни жұмыс істеп жүрген азаматтардың аударымдары қазіргі зейнеткерлердің төлемдерін қамтамасыз ететін. Ал реформадан кейін басты назар әр адамның жеке жинағына ауысты. Осылайша әрбір жұмыс істейтін қазақстандық өзінің болашақ зейнетақысын өзі қалыптастыра бастады.

2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылып, зейнетақы активтерін басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілді.

Қазір БЖЗҚ тек жинақ сақтайтын ұйым ғана емес. Қор азаматтарға өз жинақтарын бақылауға, үзінді көшірме алуға, электрондық сервистерді пайдалануға және болашаққа қаржылық жоспар құруға мүмкіндік береді.

Дербес зейнетақы жоспары қалай жұмыс істейді?

БЖЗҚ ұсынатын сервистердің бірі – «Дербес зейнетақы жоспары».

Бұл құрал азаматтарға болашақтағы зейнетақы көлемін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені көптеген адам шотында қаражат жиналып жатқанын білгенімен, оның болашақта қанша болатынын және жеткілікті-жеткіліксіз екенін нақты есептей бермейді.

Сервисті пайдалану үшін БЖЗҚ-ның ресми сайтына кіріп, «Электрондық сервистер» бөлімінен «Дербес зейнетақы жоспары» қызметін таңдау қажет. Жүйеге электрондық цифрлық қолтаңба немесе логин мен құпиясөз арқылы кіруге болады.

Авторизациядан кейін сервис пайдаланушының негізгі деректерін автоматты түрде көрсетеді. Атап айтқанда, жасы, еңбек өтілі, жинақ көлемі және басқа да қажетті ақпараттар шығады. Сондықтан барлық мәліметті қолмен енгізудің қажеті жоқ.

Одан кейін азамат болашақта қанша көлемде зейнетақы алғысы келетінін көрсете алады. Сондай-ақ зейнетке шығу жасы мен ерікті зейнетақы жарналары секілді қосымша параметрлерді енгізу мүмкіндігі қарастырылған.

Есептеу нәтижесінде жүйе қазіргі жинақтардың жеткілікті немесе жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сонымен қатар мақсатқа жету үшін қанша қаражат жинау қажет екенін есептейді.

Нәтижелер тек цифрлар түрінде ғана емес, графиктер, жинақ динамикасы және болжамды төлемдер арқылы да ұсынылады.

Неліктен бұл маңызды?

Мамандардың айтуынша, қазіргі жастар үшін болашақтағы зейнетақының негізгі бөлігі жеке жинақтарға байланысты болады. Себебі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтарға ынтымақты зейнетақы төлемдері тағайындалмайды.

Осыған байланысты зейнетақы жинақтарын ертерек жоспарлаудың маңызы артып келеді.

«Дербес зейнетақы жоспары» сервисі қажет болған жағдайда жоспар параметрлерін өзгертуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы қалаған зейнетақы көлемін түзетіп, ерікті жарналарды қоса алады немесе жаңа жинақ сценарийін жасай алады.

Сондай-ақ жүйе автоматты хабарламалар арқылы жоспардың орындалуын бақылауға көмектеседі. Бұл жарналардың тұрақты түсуін қадағалап, жинақ стратегиясын уақытында түзетуге мүмкіндік береді.