«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ "Болашақ" халықаралық стипендиясы арқылы магистратура мен докторантурада оқуда және тағылымдамадан өтуде арнайы жеңілдіктер қарастырылған мамандықтар тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"2017 жылға «Мемлекеттік қызметшілер», «Ғылыми және педагог қызметкерлер», «Инженерлік-техникалық қызметкерлер», «Мәдениет қызметкерлері», «Мәдениет ұйымдарының шығармашылық қызметкерлері», «Бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының қызметкерлері» санаттары бойынша магистр дәрежесін алуға және тағылымдамадан өту үміткерлері үшін жеңілідктер бар. Олар үшін IELTS 5.5 деңгейіндегі көрсеткіш жеткілікті және тілдік курстардан өту мүмкіндігі қарастырылған", - деп жауап берді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.
Сонымен бірге, баспасөз қызметі 2018 жылдың басым мамандықтар тізбесінің қарастырылып жатқанын хабарлады. Жақын арада бекітілген тізбе ресми сайтта көрсетіледі.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы - Қазақстан Республикасы азаматтарының озық шетелдік жоғары оқу орындарында күндізгі оқу формасы бойынша оқуы үшін немесе шетелдік ұйымдарда ғылыми, педагогикалық, инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлердің тағылымдамадан өтуі үшін құрылған халықаралық стипендия.
Стипендия түлектері мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда, акционерлік құрылымдардың жауапты салаларында, мемлекеттік және халықаралық жобаларда жұмыс істеп жүр. Айта кетсек, қазіргі әкім Бауыржан Байбек пен Алтай Көлгінов, Ғабидулла Әбдірахымов пен Мағжан Әуезовтер осы бағдарламаның алғашқы түлектері.