Сот кеңсесінің мәліметінше, айыпты азамат сотта өз кінәсін мойындады және қарт анасын бағып отырғанын, екі баласының жетімдер үйінде тұрып жатқанын айтып, кешірім жасауды өтінген.
«Бірақ, бұл деректер үкімді жеңілдетуге ықпал ете алмады. Ол жасаған қылмыс ауыр қылмыс қатарына жатады», - дейді кеңсе өкілі.
Сонымен қатар, сот үш жедел қызмет орнының материалдық шығынын толық өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Атап айтсақ, ТЖ департаментінің пайдасына 8744 теңге, Ішкі істер департаментіне 33 752 теңге, облыстық жедел жәрдем станциясына 4419 теңге өндіріп алынды.
2013 жылы желтоқсан айында белгісіз біреу полицияға қоңырау шалып, Beeline компаниясының Қарағандыдағы кеңсесіне бомба қойылды деп хабарлаған. Ғимаратты тінтіп шыққан саперлар жарылғыш зат таппаған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті сол күні құрықталды. Өзінің айтуынша, ол лайықты деңгейде қызмет көрсетпеген компания қызметкерлерінен осылайша өш алмақ болған көрінеді.