Боран салдарынан бірқатар республикалық жолдардың учаскелерінде көлік қозғалысы шектелді

Бұл туралы бүгін «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлайды.

Алматы облысында қардың қалың түсуіне байланысты 12 қаңтар сағат 11.05-тен бастап «Қапшағай-Күрті» жолының 0-68 шақырымы аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына шектеу қойылды.

Сонымен қатар 12 қаңтардан бері боран салдарынан «Үшарал-Достық» автожолының 0-184 шақырымы аралығында да автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша бүгін сағат 07.10-нан бастап «Өскемен-Шемонайха-РФ шекарасы» жолының 105-123 шақырымындағы «Шемонайха-РФ шекарасы» аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, Ақмола облысы өңіріндегі боранға байланысты кеше кешқұрым «Астана-Ерейментау-Шідерті» жолының 16-205 шақырымы аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылған болатын. Бүгін сағат 08.20-дан бастап бұл жолда көлік қозғалысы жанданды.