Бостондағы жарылысқа айыпталған Диас Қадырбаев кінәсін мойындауға келіскен

20 жасар отандасымызға Бостандағы лаңкестіктен кейін күдіктілерді айыптауға көмектесетін дәлелдерді жойды деген кінә тағылған еді. Ол ноутбук пен жолдорбаны жарылыс жасады деп айыпталған досы Жохар Царнаевтың бөлмесінен алып шығып, қоқыс жәшігіне тастаған көрінеді. Бірақ бүгінгі күнге дейін Диас Қадырбаев кінәсіз екенін айтып келді. Оның ісін сотта қарау 8 қыркүйекке белгіленген. Мамандардың ойынша, Диас тергеушілерге көмектесу арқылы жазасын жеңілдетуді көздеп отыр. Ал дәл осы іс үшін айыпталған екінші қазақстандық студент Азамат Тәжияқовты «Царнаевтың заттарын ұстаған да жоқпын» дегеніне қарамастан алқа билер кінәлі деп тапқан еді. Сондықтан Диас оның жолын құшпаудың амалын қарастырған секілді.

Мұрат Қадырбаев, Диас Қадырбаевтың әкесі:

- Ертең сот өтеді. Әзірге ештеңе айта алмаймын. Сот өткенше ешкім де ештеңе айта алмайды.  Адвокаттың сөзі бір бөлек, ал соттың шығаратын шешімі бір бөлек болуы да мүмкін ғой.