Олардың кейбірі республика көлемінде тойланса, жерлес ақын-жазушылардың мерейтойларына орай өңірде бірқатар іс-шаралар өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, биыл өңірде басымдық берілген мерейтойлардың саны онға жуық. Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың құрылғанына 750 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Бұл мерейлі даталар ел көлемінде аталып өтеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде тойланатын мерейтойлар да бар. Соның бірі – қазақтың ақын-жазушысы Сәбит Мұқановтың 120 жылдығы болса, енді бірі – Ботай қонысында археологиялық қазба жұмыстарының басталғанына 40 жыл толуы. Осыған орай өңірде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Ал Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві жылда атаулы және есте қаларлық күндердің күнтізбесін жасайды. Биыл ол қалың кітап болып жарыққа шықты. «Биыл елімізде аталып өтетін атаулы күндердің әрқайсысына СҚО-ның қатысы бар. Мәселен былтыр Уәлиханов ауданында Алтын Орда дәуіріне жататын тарихи ескерткіш табылды. «Қызыл Оба» атанған мазарлар – Жошы хан ұрпағына тиесілі. Бұл біздің солтүстік өлкенің дамыған Қазақстанның бір бөлігі болғандығының дәлелі саналады», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы әр қазақстандық үшін маңызды дата. Сәуле Мәлікованың айтуынша, өңірден 100 мыңға жуық адам соғысқа қатысса, соның тең жартысы елге қайтып оралмады. СҚО-дан Кеңес Одағының 55 Батыры шықса, биыл солардың екеуінің - Жәлел Қизатов және Әбу Досмұхамбетовтың туғанына 100 жыл толмақ. «Кеңес Үкіметінің жағымсыз жақтарын шығармаларына негіз еткен халық сазгері, әнші, ақын Үкілі Ыбырайдың дүниеге келгеніне 160 жыл толмақ. Оны Үкімет жай ғана қудалап қойған жоқ, 72 жасында қарттығына қарамастан ату жазасына кесті. Бұл үлкен тойларды, Мемлекет басшысының сөзімен айтатын болсақ, той ретінде ғана емес, бізге ой салатындай етіп, рухани жаңғыруымызға жол ашатындай етіп өткізуіміз керек», - дейді Сәуле Мәлікова.