"Бөтелке жинап өткізетінбіз": Байзақова жоқшылықта өткен балалық шағы жайлы айтып берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Желідегі оқырмандарының бірі Айжанды үлде мен бүлдеге оранып, бақуатты отбасында дүниеге келген деп санайды. Алайда Байзақова қарапайым отбасында өскенін, тіпті жоқшылықты көргенін ашық айтты. 

"Балалық шағым балдай тәтті болды дей алмаймын. Қаржылық қиындықтарға тап болып, бөтелкелер жинап, өткізген сәттеріміз болды. Туыстарымыздың үйінде тұрдық. Көптеген мәселелер болды. Бірақ мен әркез тек жақсы сәттерді еске аламын", - дейді Айжан Байзақова.

Бала күнінде "жоқ" деген сөзді жиі естіген Айжан болашақта қаржыдан тарықпау үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған. Алайда соған қарамастан, сылқым ақшаны өмірдегі басты құндылық деп санамайтынын айтып өтті. 

"Ақша мен үшін ешқашан айрықша құндылық болмаған, әлі күнге дейін солай. Барлығы әкемнің арқасында.

Бір жолы дәмханада тамақтанып, шығып кеттік. Арада 1,5 сағат өткен соң, сол жерде әмиянымды тастап кеткенімді түсіндім. Әпкем сыйға тартқан, мен үшін қымбат зат еді. Өкіріп жыладым. Сонда әкем өмірде материалды құндылықтар үшін жылаудың керегі жоқ екенін айтты. "Бұл өмірде жоғалтқан ең қымбат затың болсын" деді. Содан бері ол менің өмірлік ұстанымыма айналып кеткендей. Тіпті, көлігімнің тас-талқаны шықса да, ол үшін алаңдамайтыным содан", - деп ағынан жарылды блогер. 


Ол осы себеппен де әкесімен татуласқысы келетінін айтты. 

"Сондықтан да болар, әкеммен татуласатын сәтті күтіп жүрмін. Өйткені қандай жағдай болмасын, әркез алдымнан әкем мен оның сөздері шығады", - дейді Айжан. 

Байзақова бұған дейін әкесінің түрмеде отырып шыққанын айтқан еді. Блогер онымен араласпай кеткендіктен, дертке душар болған. Ол әкесіне хат жазып, жауабын күтіп жүргенін жеткізді.