БҚО 1 жарым жыл тұрғындармен жүздеспеген әкім аяқ асты жиын жасады

Осы қағаз қалып еді көпті көргендерге көрмегеніміз көп екен деп таңдай қақтырған. Елдегі ең қолға түспейтін Батыс Қазақстан облысы әкімінің жалпақ жұртқа мәшһүр болған шағы. Қайыс креслоға қамсыз жайғасқанына 1 жарым жыл өтсе де, не тілшімен, не тұрғынмен жүздеспейтін Ноғаев мырзаның картон макетін ұстап журналистер қала аралаған. Намысқа тырысқан облыс басшысы бүгін баспасөздің алдында көсілді келіп. Картон емес, тірі әкімді журналистер бір жарым жылда алғаш көруі екен. Қойылған сұрақ көп. Батыстың шенділері мемлекеттік қызметкер ретінде алатын аз айлығына қалайша қымбат көліктер алады, қалай зәулім үйлер салады деп.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Бұл барлық шенеунік ұры деген сөз емес, адал қызмет ететіндері де бар. Кейбірі соны дәлелдеуге тырысады. Үйлері мен көліктерін ақ адал ақшаларына алған. Бәрі заңды. Оны қазбалаудың қажеті жоқ.

Облыста әлеуметтік мекемелер жетіспейді, мемлекеттік бағдарламалардың күрмеуі шешілер емес, экологиясы тіптен адам аярлықтай. Алайда облыс әкімінің көңіліне қарашаның қарекеті емес әлгінде айтқан құймалы қалыбы қатты келсе керек, акцияны жасаған үнпарақтың басшысына жуырда жүздескенде амандаспадың деп шүйлікті.


Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Вот я лично хотел бы сказать Лукпану Ахмедьярову, на спуске корабля.  Япоздоровался с вами, вы отвернулись и убежали.

- Нурлан Аскарович, я точно с вами поздоровался, я всегда с вами здороваюсь.

- Наверное, поздоровался, когда я отвернулся, наверное!

Әйтеуір әкімнің әлпетіне әлгі жайт қатты әсер етпесе керек, қызара бөрткенмен сыр алдыра қоймады. Тіптен көшірме сұлбасының сапасына да дат айтпады. Дегенмен Нұрлан Ноғаев енді тілшілермен жасырынбақ ойнамайтынын жеткізді. Бір жарым жылда алғаш рет жұртпен жүздескен облыс басшысы бұдан былай түрлі тірліктердің тігісін жатқызу үшін тілшілермен жұма сайын жүздесіп тұратынын айтып қуантты.