БҚО әкімі жазушы М. Шолоховтың ұлы қайтыс болуына байланысты жеделхат жолдады

1935 жылы дүниеге келген Михаил Михайлович бала кезінен Батыс Қазақстан топырағын басты. Ол Приурал ауданындағы Дариян орта мектебінде партаға отырып, білім айдынына жол тартты.

1960 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология факультетін, кейін Ростов мемлекеттік университеті тарих-философия факультетінің аспирантурасын бітірген.

М.М.Шолохов философия ғылымдарының кандидаты, доцент атанды. Түрлі қызметтер атқарған ол М.А.Шолохов мемлекеттік музей-қорығының бас кеңесшісі де болды.


Жазушының ұлы туған өлкесіндей болып кеткен Ақ Жайық өңіріне жиі келіп, көптеген достар тапты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, марқұмның отбасына облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев барша батысқазақстандықтардың атынан көңіл айтып, жеделхат жолдады. Онда: «М.М.Шолоховтың жарқын бейнесі оны жақсы білетін барлық батысқазақстандықтардың жадында әрдайым сақталатын болады», - делінген.