БҚО жаңа прокуроры мекеменің жұмысына көңілі толмайтынын айтты

"Жалпы ұжым жас. Сондықтан кәсіби деңгей жағынан көптеген жетіспеушілктер бар. Сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты ешбір жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ",- деді Қызылордадан Батыс Қазақстан облысына ауыстырылған З.Лақпаев.

Оның айтуынша, бірқатар аудандарда осы жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты бір де бір заң бұзушылық детегі анықталмаған. Прокуратура жыл бойында тек қана алты қылмыстық іс қозғаған. "Атқарушы органдардың актісін бақылау бойынша қатаң ескертпелер бар",-деді З. Лақпаев. "Сот актілерін бақылау, соттардың шешімі мен жазаларын қадағалау жеткіліксіз, ал прокурордың ықпалы әлсіз. Заңсыз шешімдер мен жазалардың күші екі жақтың арызы бойынша жойылады екен , ал мұны іс жүзінде прокурор қадағалауы керек. Осы тұрғыда кемшіліктер бар",-деді бақылау органының жетекшісі.

Сонымен қатар, ол БҚО прокуроры Сансызбай Үмбеталиевтің қызметінен босатылуына қатысты түсініктеме берді. "Егер қызметін жауапкершілікпен атқарса, прокурорды орнынан алмас еді",-деді З.Лақпаев. Оның айтуынша, Үмбетәлиевті "күш құрылымдарының арасындағы қақтығыстарға қатысты емес, жұмысындағы келеңсіздіктерге байланысты қызметінен босатты".


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті