Батыс Қазақстан облысында ірі көлемде пара алған бөлім басшысы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«13 шілде күні Батыс Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтату үшін және ары қорғаншылық жасау үшін 25 млн теңге көлемінде параның соңғы бөлігін алғаннан кейін БҚО бойынша МКД ЭТҚ Қаржы саласындағы құқық бұзушылықты тергеу басқармасы Заңсыз ұйымдарды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Н.М. Урналиевті ұстады. Параның жалпы сомасы 101 млн теңгені құрайды», делінген хабарламада. Күдікті Орал қаласы ІІД-нің Уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.