«Оқушыларға лық толы мектеп автобусы апатқа ұшырады» деген хабар ауылдағы жұрттың зәресін ұшырды. Бұл автобус сенбі күні таңертең Октябрь және Зеленый ауылдарының балаларын көрші елді мекендегі мектепке апара жатқан. Бірақ әлі қараңғы болғандықтан алдымдағы жүк көлігін көрмей қалдым дейді жүргізуші.
Дайыр Сембиев, мектеп автобусының жүргізушісі:
-Бұрылмада машина тұрғанын байқамай қалдым. Оң жағыма қараған жоқпын. 30 метрден кейін оңға бұрылатын жол болған. Ана көліктің еш бір шамы жанып тұрған жоқ болды. Сол үшін көрмей қалдым.
Ал мектеп директорының айтуынша, ұзақ жылдар бойы осында қызмет қылған жүргізуші бір ескерту де алмапты.
Алмагүл Кенжебаева, Мичурин ауылдық орта мектебінің директоры:
-Жүргізушінің барлық санат бойынша көлік жүргізуге құқы бар. Екі жылдан асты біздің мектептің оқушыларын тасып жүр. Мектеп қызметкерлері мен ата-аналардың тарапынан бұл кісінің үстінен ешқашан шағым түскен емес.
Соғылған автобус қазір мектеп алдында тұр. Апат кезінде мұнда 20 оқушы болыпты. Балаларды тасымалдауға арналған көлікте қауіпсіздік белдемшелері де жоқ екен. Абырой болғанда барлығы дін аман. Тек 8 оқушы зардап шегіпті. Бірақ жарақаты ауыр деген үшеуі ғана ауруханада жатыр.
Гүлмира Сакуова, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
-Бүгінгі таңда балалардың жағдайы жаман емес. Қажетті емдерін алып жатыр. Жағдайлары жақсарған соң шығарылады.
Қазір жергілікті полиция істің анық-қанығын біліп жатыр. Ал, оқушыларды мектепке басқа автобус тасымалдамақ. Бірақ жүргізуші қызметін жалғастыруда. Оған тек сөгіс қана жарияланыпты.
Loading...